Кәсіподақ: бес жылдағы белес

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«Қазақстандық салалық темір жол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің Х есептік-сайлау съезі елімізде қазіргі COVID-2019 пандемияға байланысты онлайн-форматта өтті. 9 қыркүйекте өткен съезд жұмысына «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының HR және корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары Серік Әбденов, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты. 

Салалық кәсіподақ төрағасы Оразғали Ахметбаев аталған шара Орталық Кеңестің ақпан айында бекіткен кестесіне сай өткізіліп отырғанын және бейнеконференция жұмысына барлығы 70 делегат қатысып отырғанын атап өтті. Бірінші болып құттықтау сөз алған ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин елімізде кәсіподақ қозғалысының басталғанына биыл 115 жыл, федерацияның құрылғанына 30 жыл толатынын және де бүгінде федерацияның 2 миллионнан астам мүшесі бар екенін жеткізді. Ол Қазкөлік кәсіподағының қызметіне жоғары баға бере келіп, оның Ұлттық компаниямен серіктестікте өзара түсіністік пен ынтымақтастықта бірлесіп жұмыс істеп отырғанын, оның жарқын көрінісі ретінде, қазір елімізде қалыптасып отырған қиын жағдайда екі тараптың келісімімен жұмыстан босатылған еңбеккерлерді далада қалдырмай, басқа жұмысқа орналастыруға қатысты өзекті бағдарлама қабылданып, іске асып жатқанын атап өтті. Федерация жетекшісі кәсіподақтың басты мақсаты – ол адамды жоғалтпау және адамның өзін жоғалтуына жол бермеу екенін айтып өтті. Сондай-ақ, Сатыбалды Дәулеталин адамның өмірі мен денсаулығын сақтау, еңбектерінің қорғалуы және еңбекақыларының әділетті төленуі кәсіподақ қызметіндегі басымдыққа ие мәселе екенін айта келіп, алайда, жұмыс орнында қайғылы оқиғалардың орын алуы тыйылмай отырғанын ескертті. Оның айтуынша, соңғы бес жылда салада 142 жазатайым оқиға тіркеліп, соның салдарынан 28 адам қаза болып және де осыншама адам мүгедек болып қалып, нәтижесінде жапа шегушілерге 2 млрд теңгеден астам өтемақы төленген. «Сондықтан, өтемақы төлеу жүйесінен жұмыс барысында қауіптерді басқару моделіне көшу керек» деді төраға. Сондай-ақ, ол бастауыш кәсіподақ ұйымдары өздеріне жүктелген міндеттерді әлі де болса толық сезінбейтінін, сондықтан олардың қызметін жетілдіру керектігін тілге тиек ете келіп, федерация 2021 жылды бастауыш кәсіподақ ұйымдары жылы деп жариялап отырғанын жеткізді. 

Жұмыс беруші тарап «ҚТЖ» ҰК» АҚ атынан сөз алған Серік Әбденов Компанияда жүзеге асырылып жатқан жобалар, Ұжымдық шарттың орындалуы барысына егжей-тегжейлі тоқталды. 

Ол Кәсіподақ ҚТЖ-ның басты әлеуметтік серіктесі екенін, ал Қазкөліккәсіподақ еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымның бірі болып табылатынын атап өтті. Бүгінде 98 мың қызметкер немесе ҚТЖ компаниялар тобының барлық ұжымының 77%-ы кәсіподақ мүшелері болып табылады. 

«Ұлттық компанияның маңызды жобалары, соның бірі Цифрлық трансформация Қазкөліккәсіподақпен бірлесе жүзеге асырылуда. Екі тарап арасындағы серіктестік 2018- 2020 жылдарға арналған ұжымдық шарт және Ынтымақтастық туралы меморандум негізінде бекітілген», – деді Серік Сақбалдыұлы.

Бүгінде Ұлттық компанияның басымды міндеттерінің бірі еңбек өнімділігін арттыруға бағытталып отыр. Сандық оңтайландыру бойынша шаралар іске асырылуда. Мәселен, профильді емес қызмет түрлерін бәсекелестік ортаға шығару нәтижесінде 2018 жылдан бері 3546 бірлік оңтайландырылған. 

Ал өндірістік бастамаларды қолға алу кезінде мобильді диагностикалық кешендерді енгізу есебінен 2018 жылдан бері 444 бірлік оңтайландырылып, алайда, босатылған қызметкерлердің 93%-і еңбекпен қамтылған немесе зейнетке ерте шығарылған. 

«Біздің мақсатымыз, қайтсек санды азайту емес. Мақсатымыз – еңбек өнімділігін арттыру және персоналды ынталандырумен қатар еңбекақысын көтеру үшін мүмкіндіктер жасау. Қызметі оңтайландыруға түскен еңбеккерлерге арналған Персоналды әлеуметтік-жауапкершілікпен босату бойынша кешенді бағдарлама қабылданған. Бұл бағдарламаның артықшылығы жұмыссыз қалған еңбек адамдарын ҚТЖ ішінде ғана емес, сондай-ақ, сыртқы мекеме-ұйымдарда орналастыруға болады», – деді Серік Әбденов. 

Сонымен қатар ол Ұлттық компанияның қаржылық-экономикалық жағдайының күрделі екеніне қарамастан 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап теміржолшылардың еңбекақысының деңгейі 5% көтерілгенін, мұның сыртында салалық жарыс принципі бойынша рейтінгілік бағалау қорытындысы бойынша өндірістік персонал қызметкерлерін тоқсан сайын сыйақыландыру жүргізіліп отырғанын жеткізді. 

«Қолданыстағы Ұжымдық шарт шеңберінде ҚТЖ еңбеккерлер алдында өз міндеттемелерін 100% орындады. 2019 жылы қызметкерлер мен зейнеткерлерге төленген өтемақы мен жеңілдіктер сомасы 9 млрд теңге шамасын құрады. ҚТЖ компаниялар тобының 9 мыңнан астам қызметкері мен зейнеткері шипажайларда денсаулықтарын түзеп, Балаларды сауықтыру орталықтарында теміржолшылардың 6700-ге жуық баласы демалып қайтты. Тегін медициналық сақтандыру қызметін 60 мыңға жуық адам пайдаланды. 2020 жылға қарастырылған жеңілдіктер сомасы да өткен жылдан кем емес еді, алайда, COVID-2019 пандемиясы өз түзетулерін енгізді. 

Қызметкерлердің санаториялықкурорттық сауықтыруларына, балалар демалысына шектеулер қойылды. Оған бөлінген қаржы коронавирус індеті кезінде қызметкерлерді қолдауға жұмсалды. Амалсыз жұмысы тоқтаған қызметкерлерге еңбекақысының 50% төленді, «пневмония» және «ковид» диагнозымен уақытша еңбекке жарамсыз болған қызметкерлерге науқас парақшасы бойынша 100% еңбекақы мөлшерінде төлемақы жүргізілді. 2020 жылдың 1 тамызындағы жағдайды алып қарайтын болсақ, төлемақы шығыны 607 млн теңгені құрады. Жеке қорғану құралдарын, яғни бетперде, резеңке қолғаптар, антисептиктер сатып алуға биыл жұмсалған шығын көлемі 1 390 млн теңгені құрап отыр», – деп түйіндеді сөзін Серік Сақбалдыұлы. 

Бұдан кейін Қазкөліккәсіподағы Орталық кеңесінің соңғы бес жылда атқарған жұмысы мен алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы Кәсіподақ төрағасы Оразғали Ахметбаев есеп берді. 

«Есепті кезеңде Кәсіподақ тарапынан әлеуметтік серіктестік шеңберінде төрт Салалық келісімге қол қойылды. 

Соның екеуі «ҚТЖ» ҰК» АҚ және оның еншілес ұйымдарымен жасалды. Үш жылдық мерзімде қолданыста болуға арналған бұл құжаттар көлік саласы қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын жоғары деңгейде қамтамасыз етіп келеді.

Қызметкерлердің штаттық санын оңтайландыру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар шеңберінде сала қызметкерлерінің жаппай жұмыстан босатылуын болдырмау мақсатында Компания мен Кәсіподақ арасында 2019 жылы Меморандумға қол қойылды, ол бойынша Ұлттық компания белгілі бір шешімдерді қабылдау үшін құрылымда болатын алдағы өзгерістер туралы Кәсіподақты үш ай бұрын ескертетін болады. Сонымен қатар Кәсіподақтың қатысуымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен оның еншілес ұйымдарында персоналды «жұмсақ босату» бағдарламасы қабылданды. Яғни бұл бағдарлама аясында жұмыстан босатылған қызметкерлерді қайта оқыту мүмкіндігімен басқа қызметке орналастыру, өтемақы төлеу, белгілі бір дәрежедегі қызметкерлерді зейнетке ерте шығару, профильді емес қызметті аутсорсингке беру кезінде әлеуетті жеткізушілерге қойылатын талап – бұрын компания құрамында жұмыс істеп келген барлық қызметкерді 12 айдан кем емес уақытқа жұмысқа тұрғызу сияқты пакеттер қарастырылған», – дей келе Кәсіподақ төрағасы Ұжымдық шарттың орындалуы және аймақтарда жұмыс барысында Шарт талаптары мен еңбек заңнамасы нормаларының сақталуы үнемі тексеріліп тұратынын мәлімдеді.

Оразғали Ахметбаев Кәсіподақ филиалдары мен Орталық кеңес өкілдері жол бөлімшелері комиссиясы құрамында жыл сайын көктемгі және күзгі комиссиялық байқауларға қатысып, ұжымдағы түйткілді мәселелерге, қызметкерлердің санитарлық-тұрмыстық жағдайларына, жеке қорғану құралдарымен және арнайы киімдермен қамтамасыз етілуі, Ұжымдық шарт талаптарының орындалуы, тағысын тағы мәселелерге көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті. Сондайақ, ол теміржолшылардың балаларына, ардагерлерге, жастарға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстармен де егжей-тегжейлі бөлісті. Кәсіподақтың қатысуымен қол жеткізілген жетістіктерге, төтенше жағдайлар кезінде кәсіподақ тарапынан көрсетілген көмектерге де тоқталды. Өткен жылы Кәсіподақ бұрын Компания тарапынан жүргізіліп келген барлық спорттық-сауықтыру қызметін топтастыру қызметін өзіне алды. Бүгінде қолданыстағы музей қызметін Кәсіподаққа беру жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық компаниямен бірлесе жаңа Ұжымдық шарттың редакциясын әзірлеу жүріп жатыр. Сала қызметкерлері мен кәсіподақ органдары тарапынан өзгерістер енгізу бойынша келіп түсіп жатқан ұсыныстар тиісті органмен қарастырылуда екен.

Демек, «келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, жұмыс беруші тарап пен қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаушы органның бірлесіп қабылдар құжаты екі жаққа да тиімді болады деген сенім мол.

Съезд барысында Кәсіподақтың Бақылау-тексеру комиссиясының 2015-2020 жылдар кезеңіндегі есебі тыңдалды. Сонымен қатар Х есептіксайлау съезінің соңында Кәсіподақтың Орталық кеңесінің және Бақылаутексеру комиссиясының құрамдары бекітіліп, жиынға қатысушылар Кәсіподақ төрағасы қызметіне Оразғали Ахметбаевтың кандидатурасын ұсынып, бірауыздан сайлады.