Сервис сапасының жаңа деңгейі сөз болды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Deutsche Bahn неміс компаниясымен бірлесе қазақстандық жолаушылар тасымалын дамытуды былтырдан бері қолға алған «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы кеше көшпелі баспасөз брифингін өткізді. Қоғамның бас директоры Питер Штурм осы жылдағы компанияның атқарған жұмысы жайлы баяндап, алдағы перспективалық жоспарларымен бөлісті. 

Әрине, компанияның көздегені – жолаушылар пойыздарындағы сервистік қызмет сапасын көтеру. Бүгінгі таңда ұлттық тасымалдаушы неміс компаниясымен бірге жолаушылар үшін көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, клиентке бағдарлану, операциялық тиімділік, маркетинг және сату, өзгерістерді басқару салаларында да жұмыстар жүргізуде. Бас директордың айтуынша, сервистік қызметтер сапасын жақсарту үшін екі стандарт жасап шығарылды, оның бірі – жолаушылар пойыздары мен ішкі клинингті экипировкамен қамтамасыз ету болса, екіншісі – пойыздарды санитарлық-гигиеналық құралдармен жарақтандыру. 

Сонымен қатар жылжымалы құрамды вагон паркімен қамтамасыз ету, эксплуатациялау және қызмет көрсету бойынша жаңартуды көздейтін 2020-2029 жылдарға арналған Стратегия да жүзеге асырылуда. Таяу уақытта компания әжетханалар кешенін жаңғыртуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 563 вагондағы 1128 әжетхананы жаңарту көзделуде. Стандартты жолаушылар вагондарындағы ескі әжетханалар орнына жаңа қабырғалық панельдері, әжетханасы, қол жуатын шұңғылшасы, жарығы, желдеткіші бар жаңа санитариялық тораптар орнатпақ. Жағымсыз иістерді жоятын жаңа гигиеналық стандарт енгізілмек.

– Біздің негізгі мақсатымыз – клиенттеріміздің көңілінен шығу және «тыңдай» білетін, халықтың үніне құлақ асатын компанияға айналу. Болашақта Қазақстанның шалғай станцияларын аралап, қарапайым халықпен кездесуді жоспарлап отырмыз. Біздің жоспарда әрбір жолаушыдан сауалнама алу жобасын іске қосу бар. Сонымен қатар әрбір вагонда QR код жапсырмасын қойып, сол арқылы жолаушылар өз мобильдік құрылғыларымен пікірлер қалдырып, ескертулерін беретіндей жобаны жүзеге асырмақпыз. Мен өз атымнан сол пікірлердің бәрі де назардан тыс қалмай, қаралатынына, сол өтінімдер бойынша жұмыстар жүргізілетініне уәде беремін, – деді журналистерге берген сұхбатында Питер Штурм.

Онлайн билет сату жүйесін жетілдіру бойынша да жаңалық көп. Биыл маусым айында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Мейірім» электронды дисконт картасы іске қосылды. Соның көмегімен BILET.RAILWAYS.KZ сайтында әлеуметтік маңызды пойыздарға билет құнынан 50 пайыз жеңілдікпен жол жүру билеттерін рәсімдеуге болады. Аталған картаны қоғамның билет кассаларында тиісті құжаттарыңызды көрсетіп ала аласыз. Бүгінде бұл карта қызметін түрлі мүгедек топтарындағы мыңдаған адам сәтті қолданып жүр.

Сонымен қатар осы жылдың тамыз айынан бастап жолаушылар үшін аталған сайтта Kaspi.kz қолдана отырып билет сатып алу мүмкіндігі туындады.

Үздік идеялар мен ұсыныстардан тұратын «Адал қызмет» онлайн жобасы іске қосылды. Аталған жобаға кез келген адам қатысып, өз идеялары мен ұсынымдарын passenger@railways.kz электронды мекенжайына осы жылдың 1 қазанына дейін шексіз жібере алады. Солардың ішінде ең үздік идея авторларымен компания басшылығы кездесіп, оның ұсыныстарын талқылауға дайын.

Штурм мырза компанияның клиентке бағдарлану және бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша бастаған барлық өзгерістеріне арналған «Өз класының үздігі» жобасы жалғасын табатынын айтты. Қазіргі таңда жаңадан жылжымалы құрам алуға тендер жарияланған.

Deutsche Bahn компаниясы осы істе делдал болып табылады. Заманауи және халықаралық стандарттарға сай келетін 469 жаңа вагон және электр станцияның 26 вагонын алуды көздеп отыр. Келесі жылы келісімшартқа қол қойылмақ.

Қоғамда жаңа маркетингтік стратегия жасалып, қызмет портфелі ұлғайтылмақ. Сонымен қатар ІТ саласындағы операциялар да күшейтілмек.