Жаңа тәсілдемеге көшті

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының 50 мың жүк вагонының жалға беріліп келген 30 мыңдай жылжымалы құрамы «Қазтеміртранс» АҚ-ның жеке басқарылымына берілген. Бүгінде Қазтеміртранс аталған жылжымалы құрам паркінің жұмысын өзі үйлестіріп, реттеу құқығына ие болып отыр. 

Жылжымалы құрамның басым бөлігін ашық және жабық вагондар, сондай-ақ, әмбебап платформалар мен басқа да вагондар құрап отыр. Жеке басқарылымға берілгелі вагон паркінің кірісінің орташа есеппен 20% өскені байқалады. Яғни жалға беруден басқарылымға берілгеннен кейінгі таза қосымша тиімділік шамамен 10,4 млрд теңгені құраған. Мамандар вагондар ҚТТ қарамағына өткізілген кезде нарықтағы ахуал күрделі болғанын, себебі, вагондары жаңалау, шешім қабылдауда жеңіл әрі икемділік танытқан жекеменшік операторлардың жағдайы басымдықта болғанын айтады. Сол себепті ҚТТ бірінші кезектегі міндетіне бәсекеге қабілеттілікті таңдап алған болатын. Нәтиже де көп күттірмей, 2019 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша Қазтеміртранс Қазақстан нарығында өз үлесін екі есеге ұлғайтты. Вагондардың бос жүрісінің коэффициенті төмендетіліп, үстеме шығындар оңтайландырылды. 

Әрине, бұл нәтижеге ҚТТ мамандары жүйелі тәсілдеме мен клиентке бағдарлану стратегиясын қабылдау арқылы қол жеткізді.

«Клиенттер біздің жұмыс берушілер, сондықтан біз оларға және олардың сұранысын қанағаттандыру бағытында жұмыс істеуіміз керек», – дейді «Қазтеміртранс» АҚ бас директоры Дәурен Бимов. 

Ағымдағы жылдан бастап ҚТТ вагондарға техникалық қызмет көрсету бойынша жаңа тәсілдемені жүзеге асырып отыр. Бұдан былай компания вагондарды жөндеуге емес, вагондарды жөндеусіз пайдаланғаны үшін ақша төлейтін болады.