Кірме жолдар күз маусымына дайын

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Бүгінгі таңда Семей ЖТ бөлімшесі бойынша кірме жолдардың қауіпсіздігі мәселесі өткір тұр. Жалпы, бұл – компания бойынша мейлінше өзекті жайт. Осы орайда Семей ЖТ бөлімшесінің қозғалыс қауіпсіздігі бөлімі қызметкерлері кірмежолдар иелерімен жұмысты үдете түсті.

 Жасыратыны жоқ, қазіргі күні Семей ЖТ бөлімшесіне қарасты жеке және заңды тұлғалардың қарамағындағы кірме жолдардың басым көпшілігі толықтай дерлік техникалық күтім көрмейді. Бұл немқұрайдылық жергілікті теміржолшыларға зардабын тигізуде. Атап айтсақ, ағымдағы жылы бөлімшеде кірме жолдар бойынша вагондардың зақымдану деңгейі өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда біршама жоғары болып отыр. Бұған тікелей оларға иелік ететін ірілі-кішілі кәсіпорындар жауапты. Бұл жайында көктемгі байқау кезінде вагон шаруашылығы ревизорлары бірқатар сын-ескертпелер жасаған болатын.

Міне, осыған байланысты бөлімше бойынша кірме жолдар мен тұйық желілер қауіпсіздігіне назар аударылуда. Алдағы апталардан бастап күзгі жиынтерінге орай қозғалыс барысы арта түспек. Мәселен, бөлімшеге қарасты Ауыл, Белағаш станциялары бойынша кірме жолдар толық сүзгіден өткізуді қажет етеді. Бұл орайда әсіресе бағыттамалы бұрмалар мен фиксациялық штырь, тіпті, тежегіш башмактарға да көңіл бөлініп жатыр.

– Қазіргі күні бәрінен бұрын кірме жолдардағы жылжымалы құрамдардың зақымдалу деңгейі алаңдатып отыр. Оған себеп, филиал көлеміндегі кірмежолдардың 90 пайыз сын көтермейтіндігі болып отыр, – дейді бұл ретте Семей ЖТ бөлімшесінің қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Дәулет Сүлейменов.

Осы орайда жүк тиеу мен түсіруші іргелі мекемелер өкілдеріне кірме жолдар бойынша жүк вагондарын жөнелту тәртібі жөніндегі талап-ережелер күшейтілуде. Бұл ретте жекелеген талаптар мен нормативтік-құқықтық актілер жайында бөлімшедегі қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Дәулет Сүлейменов те тікелей байланысқа шығып, толыққанды мағлұмат беруде.

Негізінен кірме жолдары бар серіктестіктер өздеріне қарасты теміржол бөліктерінде, егер ол үшін лицензиялары бар болса, жөндеу жүргізулері керек. Нарыққа шығар жол саналатын кірмежолдар күтіміне фирма иелері жауапты. Ол үшін теміржолшылар залал шекпеуі тиіс. Ал, кірме жолдағы орын алған ақаулық қос тарапқа да елеулі түрде шығын әкеледі.

Дегенмен кейбір кірме жолдар бойынша биылғы жазда бірқатар жұмыстар жүргізілген. Атап айтсақ, пойыз құрастырушылары мен локомотив бригадаларының жұмысына, қауіпсіздігіне қолайлы жағдай жасап, ескертпе белгілерді жаңалап, тиеутүсіру орындарының жарық болуын толықтай қамтамасыз еткен жауапкершілігі жоғары мекемелер де бар. Әйтсе де, жүк жөнелтуші кірме жолдар иелері бөлімшеге қарасты станция басшыларымен, вагон пайдалану депосы мамандарымен әріптестікті әлі де нығайта түскендері жөн деп санайды қауіпсіздік мамандары.