Шетпе станциясының жол қауіпсіздігін сақтау ревизоры

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Үстіміздегі жылды Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі «Қозғалыс қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуын болдырмау» жылы деп жариялаған. Сондықтан, биыл түбек теміржолында қауіпсіздікті сақтауға жылдағыдан да назар күшейтілген. Шетпе станциясына бет алған біз №16-6 бекеттері аралығында жол қауіпсіздігін сақтау ревизоры Бекзат Бердібаевты кездестірдік.

Бекзат Жаңбырбайұлы осы Шетпеде туып-өскен. 2005 жылы сол жердегі орта мектепті бітірген соң Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы жоғары оқу орнына түсіп, төрт жылдан соң «теміржолшы» дипломымен оралды. 2009 жылдан 2014 жылға дейін №11, 12, 13 бекеттерде станция кезекшісі болады. 2014 жылы Шетпе станциясы бастығының орынбасары болды. 2016 жылдан бастап жол қауіпсіздігін сақтау ревизоры болып тағайындалып, күні бүгінге дейін еңбек етіп келеді.

− Осы жылды филиал директоры «Қозғалыс қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуын болдырмау» жылы деп жариялады. Сол бойынша тиісті жұмыстар жыл басынан бері атқарылуда. Жоспар жасалып, соған сай тексерістер өз уақытымен өткізілуде. Әрине, пандемия жағдайына байланысты бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі, бірақ қауіпсіздікті тексеру жоспардан ауытқыған емес және ол адам жинап, бас қосатын жұмыс емес, жалғыз жүріп те тексере береміз, – дейді Бекзат Бердібаев.

Бір қызығы, осы жерде туып-өскен, жергілікті елдің бәріне таныс болса да Бекзатты теміржолшылар еңбекқорлығы мен тиянақтылығы, қадалған жерден қан алатын талапшылдығы үшін сыйлайды. «Ревизор келе жатыр, ұятты болып қалмайық...» деп кем-кетіктерін жойып, ескерту алмауға тырысады.

Оның телімінде түрлі класты бірнеше бекет, станция кіреді. Мысалы, бесінші класты №16, 15, 14 бекеттері. Бұл бекеттердің бәрін бір басшы басқарады. Сол сияқты бесінші класты №11, 12, 13 бекеттері де бір жерден басқарылады.

Ал, Шетпе болса, екінші класты станция. Бұл станциядан жүк түсіру, тиеу бар. Шетпеден негізінен жергілікті өнімдер – цемент, қиыршық тас тиеледі. Сондай-ақ, №10, Маната, 9 бекеттер, Сай-Өтес станциясы, №6, 7 бекеттері де Б.Бердібаевтың қадағалауындағы телімдерге кіреді. Осы аталған станция, бекеттерде басшыдан бастап станция кезекшілері, пойыз құрастырушылар, барлығының да жұмыс процестерін қарап, қауіпсіздікті қадағалау – Бекзаттың жұмысы.

− Қауіпсіздікті сақтауда оған кері әсер ететін титтей де фактор болмауға тиіс. Мысалы, жұмыс уақытында станция кезекшісі мен пойыз құрастырушының, машинистің арасында рациямен байланысқанда сөйлеудің өз заңдылықтары болады. Яғни, рациямен машинистің қозғалуына рұқсат беру керек. Сондай кездерде ереже сақталмайтын жағдайлар кездеседі. Біз сол кемшіліктердің қайталанбауына жұмыстанамыз. Кейде пойыз құрастырушыдан да кемшіліктер кетіп жатады. Башмакты қойған уақытында вагонның санына қарай салмақты ескеріп, қанша башмак кетуін есептеу керек. Егер де бір башмак жетпей қалса, ол да кемшілік. Сол үшін де ревизордың жұмысы аса жауапкершілікті талап етеді. Жұмыс барысында техникалық құжаттарды қараймыз. Пойыз құрастырушылардың жұмыстарын, маневр уақытында қандай әрекеттер болады, қалай істеледі, соларды көреміз. Станция бекеттердің арасында күрделі жөндеу жұмыстары өтіп тұрады. Былтыр Сай-Өтес, Шетпе станцияларының белгілі бір аралығында күрделі жөндеу болды. Сол жұмыстың басы-қасында, жолды қабылдап алып, қозғалыс тұрақталғанша бақылауда боламыз, – дейді қауіпсіздік ревизоры.