Техникалық жарақтандыруға көңіл бөлінді

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Жылдың басынан бері түбек теміржолында қалпына келтіру пойызын қажет ететін апатты жағдайлар тіркелмеді. Сонымен қатар пандемия кезінде қозғалыстың шектелуіне байланысты Маңғыстау қалпына келтіру пойызы біраз ішкі жұмыстарын пысықтап алды.

Бұл уақыт ішінде мекеме техникалардың техникалық жағдайын түгендеп, ғимараттың жөндеу жұмыстарымен айналысты. Вагондарды деполық жөндеуге жіберіп, крандарды толық тексерістен өткізді. Бүгінге дейін мекемедегі жеті вагонның бесеуіне түрлі жөндеу орындарында диагностика жасалып, деполық жөндеуден шықты. Қалған екеуі де сол бағытта жолға дайындалуда. Атап айтқанда, №145 вагон наурыз айында Екібастұз станциясында «Мак-Экибастуз» ЖШС-нен диагностика және деполық жөндеуден өтті. Cәуірде тағы екі вагон – №28824 вагоны Орал станциясында «Астана Railway Services» мекемесінде, ал №28915 вагоны Шалқар станциясында «Қамқор Вагон» серіктестігінде жоғарыдағыдай сервистік қызмет алды. Ал №28794, №28799 вагондары маусым және осы тамыз айында Шымкенттегі «Шымкент Рем Сервис» мекемесінде диагностика мен деполық жөндеуден шықты.

− Бізде барлығы жеті вагон. Қазірге дейін соның бесеуін қажет жөндеулерден өткіздік. Енді тағы екеуі басшылықтың рұқсатымен кетуге дайын тұр. Сонымен біз 2020 жылғы вагон жөндеу жоспарымызды орындаймыз. Крандарымыз да арнайы тексерістен өтіп, екеуі де жұмысқа толық дайын. 125 тонналық ЕДК-1000/2 үлкен кран және 60 тонналық ЕДК-300 кранымыз бар. Екеуі де кесте бойынша бес жыл сайын бір болатын арнайы тексеріске келіп тұрған-ды. Тендер бойынша тексерісті Қарағанды қаласынан «Инкар Строй» ЖШС-нен келіп жүргізді, – дейді бұл туралы Маңғыстау қалпына келтіру пойызының бастығы Маралбек Нұрмағанбетов.

Сонымен қатар жұмысшылар өз күштерімен мекеме ғимаратына да жөндеу жүргізіп, өз қажеттіліктерін өздері өтепті. Ғимаратты, гараж, букстың іші-сыртын, ауладағы ағаштарды бүтіндеп, ақтап-сырлапты. Қоршауды жөндеп, қызметкерлердің киініп-шешінетін бөлмесіндегі ескі ағаш еденді қыштақтаймен алмастырып, шатырдың су өтетін бөлігін бүтіндеген.

− Бұл жұмыстарды мекемеден берілген қажет құрылыс материалдарымен, басқа да жетпеген тұстарына жұмысшылар өздері тауып, біріне бірін қосып, бүкіл жұмысты бітірдік. Соның арқасында мекемеміздің өңі кіріп, техникалар да жаңарыпжаңғырып қалды. Биыл бәрімізге белгілі карантин болғасын көп өзгеріс, жаңалық бола қойған жоқ. Ала жаздай бүкіл жұмысымызды осыған арнадық. Тек маусым айының ішінде ПЧ-13 мекемесі №11 бекетке вагон тиеуге тапсырыс беріп, соған шығып келдік. Қарақия станциясында да сол мекеменің осындай тапсырысын орындадық, – дейді қалпына келтіру пойызының бастығы.