Қостүйін станциясы: шағын болса да шаруасы мығым

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Қостүйін станциясы Ақдала мен Қара қоңыр станцияларымен шектесіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, Арыс пен Түркістан станциясының ортасында орналасқан. Қостүйін шағын ғана, бесінші класты станцияға жататынына қарамастан бұл жерден бес құрметті теміржолшы шыққан. 

Олар – Нұржан Мақанов, Жақсылық Ержанов, зейнеткерлік демалыстағы Сәді Сайрамбаев пен Кеңес Сайрамбаев, Серғазы Сайрамбаев. Станциялықтар оларды мақтан тұтады.

Бүгінде станциялықтармен қатар жолшылар, вагоншылар, байланыс-белгі беру және электрмен қамту саласының мамандары – барлығы 33 теміржолшы еңбек етеді. Станция басшысы Сейітқазы Сайрамбаевтың айтуынша, теміржолшылардың еңбек қорғау қауіпсіздігі қатаң сақталған. Індет шыққалы карантин режимінің ережелерін бұлжытпай ұстанумен келеді. Жұмысшылардың барлығы да бетпердемен, антисептик, қолғаппен қамтылған. Жаздық, күздік киімдер теміржолшыларға толықтай берілген. Күн сайын тұрақты түрде есіктердің тұтқасын сүртіп, еденді хлормен жуып, тазалап отырады.

Станцияда пойыздар қатынайтын бес жол бар. Биыл сол жолдардың бесіншісіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Станциядан күніне орта есеппен 20-22 жүк пойызы өтеді, 3-4 жолаушы пойызы да өтеді, бірақ олар станцияға тоқтамайды.

Жыл басынан бері Қостүйінде ешқандай мал басу, адам қағу фактілері орын алмады. Сонымен қатар, станцияда жарықтандыру, қоршау, т.б. қауіпсіздік талаптары толық сақталған. Тұрмысқа қажетті техникалық жабдықтар жеткілікті. Алайда, станциядан ешқандай жүк тиелмейді, тек өткінші құрамдарға қызмет көрсетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

– Біздің басты мақсатымыз – қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, темір жолдарда ақау болдырмау. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген, сенікі-менікі демей, барлық теміржолшылар, илегеніміз бір терінің пұшпағы болған соң, ұйымшылдықпен жұмыс істейміз. Жол шебері Рақымжан Ермеков, аға вагоншы Мұрат Сағындықов сынды теміржолшылар – бүкіл Қостүйіннің мақтанышы, – деді Сейітқазы Кеңесұлы.

Еңбек жолы 1984 жылдан басталып, 1995 жылдан бері станцияны басқарып келе жатқан Сейітқазы Сайрамбаев – осы станцияның негізін қалаған теміржолшылар династиясының өкілі. Жоғарыдағы бес құрметті теміржолшының үшеуі осы әулеттен шыққан. Еңбек өтілі 300 жылға жуықтаған әулет 2017 жылы «СамұрықҚазына» АҚ компаниясы ұйымдастырған еңбек әулеті күнін мерекелеуге байланысты елордаға шақырылып, лайықты құрмет көрсетілген.