Қозғалыс - кәсібі мамандар қолында

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Станцияға келген жүк вагондары бірнеше технологиялық процестен өтеді. Алдымен вагондардың жолға жарамдылығын вагон қараушылар бақыласа, онан соң жүк пойызын қабылдап тапсырушыларына өтеді. Содан кейін вагон дөңеске қарай жол тартып, ол жерде дөңес кезекшілерінің басшылығымен пойыз құрастырушылар вогондарды іріктеп, біріне бірін жалғап, маршрутты құрастырады. Яғни, жүк тасымалы – қозғалыс саласына жауапты барлық теміржолшының бірлесе атқаратын жұмысы.

 Біз барғанда дөңесте қызу жұмыс жүріп жатты. Бүгінде Маңғыстау станциясының дөңесінде бес дөңес кезекшісі жұмыс істейді. Көбі – осы жұмыстың қыр-сырын меңгерген тәжірибелі мамандар. Осында отыз жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Қойлыбай Реев, Рая Халикова, Ақтолқын Бекесова мен 15 жылдан бері дөңес кезекшісі Маралдым Әмірова.

Олардан басқа дөңес жұмысына енді ғана кірісіп жатқан Берекет Жұмағалиев та төселіп қалғаны байқалады. Олардың бәрі сырттан келмеген, бірінің әкесі, енді бірінің ағасы, апасы теміржолшы дегендей, кәсібімен «таныстығы» тереңнен тамыр алады.

− Берекетті жұмысқа өзім үйреткенмін. Жақында ғана сынақ тапсырып, сүрінбей өтіп, арамызға қосылды. Жұмысында білмегені болса айтып, әлі де ақыл қосып тұрамыз. Одан басқамыз біраз жылдан бері келе жатқандар болғасын, оншамұнша қиындықтарға дес бермей міз. Дөңесте біз бесеумізден бөлек бес операторымыз және әр кезекшіде екі-үш қозғалыс жылдамдығын реттеушілер бар. Солармен күніне орта есеппен бес-алты сұрыптау жасаймыз. Жұмысымыз пойыздардың келуіне қарай көбейіп не азаюы мүмкін. Жалпы, жұмысымыз жүк қабылдап-тапсырушылар қарап, дайындығын бергеннен кейін басталады. Әр вагонның жеке құжаттары бар. Әр вагонның өзінің салмағы, ұзындығы, тиелген жүгінің ерекшелігі бар дегендей. Сол бойынша вагондарды дөңестегі 12 жолға жинап, бір бағытқа баратындарын сұрыптап, бір пойызға жинақтап, жөнелтеміз. Сұрыптау бітіп, бір бағытқа кететін пойыз құрамы толық болғанда диспетчерге дайындығын хабарлаймыз, – деп дөңестегі жұмыс барысымен таныстырды сол күні ауысымға түскен тәжірибелі дөңес кезекшісі Рая Халикова.

Станцияға Мақат, Ақтау мен Құрық порты бағыттарынан, Болашақ, Өзен станцияларынан келетін пойыздар көп. Сондықтан күніне төрт жүздей вагонды шашып, қайтадан құрастыратын дөңес кезекшілерінің жұмысы жауапты да қауырт. Дөңес кезекшісінің жанындағы көмекші операторлар жұмысы да оңай емес, шашып жатқан вагондардың санын жазып, есептеп отырcа, қозғалыс жылдамдығын реттеушілер сол вагондарға табантежегіштер қойып, қозғалыс күшін азайтады. Әр дөңес кезекшісіне 2-3 қозғалыс жылдамдығын реттеушіден бекітілген.

− Біз вагон сұрыптағанда қозғалыс жылдамдығын реттеушілер вагонның қозғалысын реттейді. Олардың да жұмысы оңай емес. Вагонның салмағын түсіріп, астына табантежегіш салады. Келген вагондар негізі жеке-жеке ағытылады. Тежегіштің біреуі сегіз кг болады. Соны қозғалыс жылдамдығын реттеушілер арнайы «вилкамен» вагонның астына салып, қозғалыс күшін азайтады. Вагондар бір-біріне қатты ұрылмауы үшін оның маңызы өте зор. Соның арқасында қозғалыс күші азаяды. Келген вагондардың ішінде аса мұқияттылықты талап ететін жүктер де болады. Ондай вагондарды шашқанда әрлі-берлі лақтыруға болмайды. Дөңестен лақтыруға болмайтын сондай вагондарды итеріп апарып бір-біріне қосып қоямыз. Соған уақыт көбірек кетеді. Жалпы дөңесте бір сұрыптауға орташа 50 минут жұмсалады, – дейді дөңес кезекшісі.

Дегенмен бір пойыздың сұрыпталуына кететін уақыттың көп не аз болуы дөңес кезекшілері мен сол үдеріске қатысатын өзге де мамандардың ұқыптылығы мен біліктілігіне де тікелей тәуелді. Өз ісіне шебер адам шаруасын мұқияттылықпен лезде ширатып әкетсе, міндетін жете меңгере қоймаған адам тосын жағдайларға бой алдырып, уақыттан ұтылуы да әбден мүмкін. Бірақ бұл жағынан Маңғыстау станциясының асығы алшысынан түскен екен. Біз кіл кәсіби мамандар жұмысына куә болдық.