Тұйық желілердегі қарбалас

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Бүгінгі күні ел шығысы бойынша көмір тасымалын жүзеге асыруда салмақ бірінші кезекте теміржол саласына түсіп тұр. Соған орай семейлік теміржолшылар алдағы жылыту маусымына орай қатты отын тасымалы жөнінде арнайы жоспарлы шаралар қабылдаған. Ағымдағы жылдың мамыр айынан басталған көмір тасымалы сұранысты толық қанағаттандыру үшін максималды көлемдегі жұмыс режиміне көшуге мәжбүрлеуде. 

Өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда қатты отын тасымалы біршама ұлғайып отыр. Оған тапсырыс берушілер қатарының артуы да себеп.

Сондай-ақ, байырғы клиенттер Защита мен Жаңа-Өскемен, «РК-1» сынды бірқатар алпауыт жылу электр орталықтарының сұранысы да еселеп артқан.

Сол тәрізді жеке тұрғындарға көмір саудалаумен айналысатын «Жігер СТ», «Компания Тауасар» ЖШС, «ВЭУС», «Өскемен-көмір» жеке серіктестіктері де жаз айларынан бастап үстеме тапсырыс беріп, тұрақты тұтынушыға айналған. Көмір тиеп жөнелту ісі маусымдық жұмыстарға және сұраныс санының артуына орай қазіргі күні де қызу қарқынмен жүргізілуде. Жүк айналымы мен логистикаға жауапты бөлімше мамандарының айтуынша, бүгінгі күнге дейін тек бір ғана Семей қаласындағы тұйық желілерге 135,5 мың тонна көмір түсіріліпті. 

Соның есебінен қазіргі күні қалаға көмір жеткізудің үлес салмағы 65 пайызды құрады. Жоспар бойынша жылдың соңына дейін бұл деректер біртіндеп арттырыла бермек. Жалпы, тораптық Семей және Жаңа-Семей жүк станциялары бойынша көмір жеткізілетін, түсіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізілетін 4 тұйық желі бар.

«Осы көрсеткіштердің барлығы бөлімше бойынша жүк тасымалы көлемін әлі де арттыра түсу керектігін әрі оған толық мүмкіндік бар екендігін дәлелдейді» дейді сала мамандары.

Қазіргі күндері Семей ЖТ бөлімшесінің логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімі мамандары көмір тиеу, жеткізу бағытындағы шаралардың тиімділігін әлі де пысықтау үстінде. Жоспарлы шараларды жыл аяғына дейін толықтай орындау қажет. Оның бір себебі, өңір бойынша жеке сектордағы тұрғындар мен іргелі кәсіпорындар арасында қысқы отынға деген сұраныс күн санап артып келеді. Қазіргі күні қалалық әкімдік тұрғындар үшін әлеуметтік көмірді босата бастағандықтан тапшылықтың алдын алу қажет. 

Көмір тасымалы мен тұтынушыға жеткізу ісін теміржолшылар да қалалық әкімдікпен, салық қызметкерлерімен бірге қадағалауға алған. Ондағы мақсат жол ортадан килігіп, бағаны негізсіз көтеретін алыпсатарлар жолын кесу болып отыр.

Ал, аймақтағы екінші үлкен қала Өскемен үшін қазіргі күні көмір жеткізу ісі шамалы баяулап тұр. Оған себеп, жергілікті жылу орталығының қысқа мерзімді күрделі жөндеуге жабылуы болып отыр. Әйтсе де, теміржолшылар «алдағы уақыттарда вагондар санын 490-ға дейін жеткізу арқылы жоспарды толтырамыз, артығымен орындауға да мүмкіндік бар» деген сенімде.

– Биыл да семейлік теміржолшылар көмір жеткізу ісін ерте бастады. Оның себебі, ұлттық компания басшылығының бастамасымен күзгі маусымда жеткізілетін көмір жазғы маусымға бөлініп, тамыз айының аяғына дейін жылу орталықтарының нормативтік қорын сақтаудың жолы қарастырылған болатын. Соның аясында отын тасымалын үзіліссіз жүргізу үшін бөлімше тарапынан барлық мүмкіндіктер қолданылуда. Қазіргі күні вагон жетіспеушілігі жоқ. Жылу беру нысандарымен тұрғындар тарапынан шағым түспеді, – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімінің жауапты мамандары.

Қорыта айтсақ, теміржолшылардың осылайша күш салуының нәтижесінде қатты отын нарығында жыл сайын көрініс беретін көмір тапшылығы мен бөлшек баға өсімін қолдан жасауға жол берілмейді деуге негіз бар.