Қолайлы да қауіпсіз жағдай жасауға мүдделі

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының тапсырмасымен барлық деңгейдегі басшыларды тарта отырып, қолайлы еңбек жағдайын жасау бойынша Кешенді бағдарлама әзірленуде. Яғни, Ұлттық компания өз қызметкерлеріне қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайын жасауға мүдделілік танытып отыр.

 «Біз қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы үшін жауап береміз. Бұл – басты басымдыққа ие мәселе. Болмашы бір қателік салдары қайғылы жағдайға немесе орны толмас қазаға әкелуі мүмкін. Сондықтан сала еңбеккерлеріне қолайлы еңбек жағдайларын жасау компанияның негізгі міндеттерінің бірі болып отыр. Менеджерлер қалыпты еңбек жағдайларын қамтамасыз етпейтін жағдайларға жол бермеуі керек. Компания негізгі өндірістік персонал қызметкерлерінің сыйақы деңгейін арттыруға мүдделі. Ал әрбір қызметкер қауіпті жұмысты тоқтатуға құқылы. Басшылықтың әр қызметкерге қауіпті жұмыстарды тоқтатуға құқық беретін жеке міндеттеме леріне қол қойылды. Басқарма төрағасы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіздіктің мінез-құлық диалогтары», «Қауіпті тоқтат», «Салдарсыз оқиғалар» бағдарламаларын жүзеге асыруға старт берді. Өткен жылы осы бағдарламалар шеңберінде топ-менеджерлер, ішкі жаттықтырушылар, сондайақ, құрылымдық бөлімшелер мен аймақтық филиалдардың жетекшілері оқытылды. Барлығы оқытылған адам саны 300-ден асады. Ал биыл 89 000 астам Компания қызметкері оқытылмақ», – дейді Ұлттық компанияның басқарушы директоры-бас инженері Батыр Котырев.

Еске салып өтерлігі, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап желілік кәсіпорындар қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары 5%-ға өскен болатын. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап пилоттық жоба ретінде жол монтерлері мен бригадирлері үшін еңбекке қатысу коэффициенті (КТУ) енгізілген еді. Алдағы уақытта сыйақының бұл түрін локомотив бригадалары мен жолсеріктерінің қызметкерлеріне де тарату жоспарланып отыр. Сондай-ақ, салалық жарыстың қағидаларына сәйкес, рейтингтік бағалау қорытындылары бойынша ең жақсы нәтижелер көрсеткен желілік филиалдардың қызметкерлеріне тоқсан сайын сыйлықақы берудің оң тәжірибесі жалғасын табуда.

Бұдан бөлек, Ұлттық компания корпоративтік әлеуметтік саясатты жүзеге асыруды жалғастырып, биыл әлеуметтік қолдау шараларын сақтап қана қоймай, оны ұлғайтып отыр. Пилоттық жоба шеңберінде «Қазтеміртранс» АҚ және «KTZ Express» АҚ қызметкерлері ағымдағы жылдың соңына дейін қашықтықтан жұмыс істеу формасына ауыстырылған. Шешім карантин кезеңінде қызметкерлердің тиімділігін мониторингтеу нәтижесінде және үй-жайларды жалға алу және т. б. сияқты шығыстарды оңтайландыру мақсатында қабылданған.