Қағазсыз технология: тиімділігі талас тудырмайды

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Соңғы жылдары жүк тасымалы саласында цифрлық жүйе қарқын алды. Жүк тасымалын рәсімдеу процесін оңай және тиімді еткен цифрлық темір жолдың маңызды жобаларының бірі – «Шарттық және коммерциялық жұмыс» (АСУ ДКР) автоматтандырылған басқару жүйесінің барлық компоненті бүгінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-на толықтай енгізіліп, еліміздің барлық 456 станциясын қамтып отыр.

Қазір жүйеде 37 мың клиент жұмыс істесе, жүк тасымалын ұйымдастырушы ұлттық оператор тарапынан 7000 астам қызметкер жұмылдырылған. Осы арада атап өтерлігі, АСУ ДКР жүйесінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның Жоспарларды, кірістер мен тасымалдарды қалыптастыру департаментімен, МЕСПЛАН, Ақтау-порт (оның ішінде терминалдар) және вагондар операторы «KTZ Express» АҚ-мен өтінімдерді келісу жүзеге асырылды.

Осыдан-ақ, сандық темір жол ұлттық тасымалдаушыға да, жүк жөнелтушілерге де, жүк алушыларға да тиімді екенін көреміз. Өйткені, тараптар қағазсыз құжат айналымын енгізу, жүк жөнелтушінің жүк құжаттарын тәулік бойғы режимде үйден шықпай рәсімдеу мүмкіндігі, Интернет бойынша жүкқұжат алу және жүкті станция дан станцияға дейін бақылау мүмкіндігіне ие болып отыр. АСУ ДКР-дың енгізілуі клиенттермен жұмыс процесін анағұрлым жеңілдетуге және жұмыс уақытын оңтайландыруға ықпал еткенін айтар едік.

Сөзіміз дәйекті болу үшін сандарды сөйлетсек. Сонымен, жоспарлау процесі республикаішілік жөнелтілімдерде 11 сағаттан 5 минутқа дейін, ал экспорттық жөнелтілімдерде 2 күннен 1 сағатқа дейін, сондай-ақ қайта бағыттау процесі 2 күннен 1 сағатқа дейін қысқарғанын айтар едік.

Сонымен қатар, ГУ-12 (айлық жоспарлау), ГУ-11 (он күндік жоспарлау) электрондық өтінімдерін ресімдей отырып, АСУ ДКР арқылы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ барлық бөлімшелері бойынша тиеуді жоспарлау және жүйеде автоматты түрде қалыптастырылған күнтізбелік жоспарларды түзету тегін жүзеге асырылады.

Осылайша, бүгінгі күні барлық өтінімдер аталған жүйе арқылы өтеді. Қазір «ҚТЖ» ҰК» АҚ республикаішілік және экспорттық қатынастарда қағазсыз технологияны пайдалана отырып, тасымалдау құжаттарын рәсімдеу бойынша жұмыстар жүргізіп отыр.

2019 жылдың 11 наурызындағы ЦЗ-1 жеделхатына сәйкес барлық жүк станцияларында АСУ ДКР-да республикаішілік қатынаста «Қазтеміртранс» АҚ меншігіндегі барлық бос вагондарға электронды тасымалдау құжаттарын рәсімдеу басталды. Ал дәл қазіргі сәтте, барлық жүк жөнелтушілермен және жүк қабылдап алушылармен электрондық тасымалдау құжатын рәсімдеу барысында қағазсыз технологияны пайдалану туралы шарттар жасасу бойынша шаруалар атқарылуда. Егер 2019 жылдың 18 ақпаны мен 2020 жылдың 20 шілдесі аралығын алып қарар болсақ, шамамен 12 000 шарт жасалған.

Өткен жылдың 11 наурызынан бүгінгі күнге дейін электрондық тасымалдардың кредиттелуі мен ортатәуліктік рәсімделуі тасымалдау құжаттарының жалпы санының 99% құраған. 2019 жылдың 22 мамырынан бастап «ҚТЖЖүк тасымалы» АҚ барлық станциялары бойынша жүк номенклатурасына сәйкес күзетпен жүретін жүк тиелген вагондарға, ал 2019 жылдың қазан айынан бастап қауіпті жүк тиелген және жолсеріктері бар вагондарға тасымалдау құжаттарын ресімдеудің қағазсыз технологиясы енгізілді. Сонымен қатар бұл технологияны көрші елдерге жөнелтілетін вагондарға да пайдалану мақсат етілген болатын. Мәселен, Ресей Федерациясының белгіленген станциясына жүретін вагондарға арналған тасымалдау құжаттарын ресімдеудің қағазсыз технологиясын енгізу мақсатында – Ресей темір жолдарымен белгіленген мемлекетаралық түйісу пункттері арқылы қағазсыз технология бойынша тасымалдауды келісу бөлігінде жұмыс жүргізілді. Сөйтіп, жүк тасымалы бөлімшелері ұсынған тізім бойынша клиенттер үшін ресейлік белгіленген станцияларға бағытталған бос және жүк тиелген вагондарға тасымалдау құжаттарын ресімдеудің қағазсыз технологиясын енгізу жұмыстары былтырғы шілде айынан бастап қарқын алғанын атар едік.