Мыңарал станциясының ұпайы түгел

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Жамбыл облысының төрттен бір бөлігін алатын Мойынқұм ауданының аумағында жатқан Мыңарал станциясы Балқаш көлінің жағасында орын тепкен. Бар-жоғы жетпістен астам ғана түтіні бар ауылдың іргесіндегі станция.

Станция бастығы Алик Дулатбеков – қырық жылға жуық еңбек өтілі бар байырғы теміржолшы. Бар-жоғы 16 теміржолшы еңбек ететін станциядан жөнелтілетін жүк – жергілікті Мыңаралы цемент зауытының өнімі.

Осыдан тұр-тура он жыл бұрын ірге қалаған зауытты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашқан еді. Құны 32,5 млрд теңгеге жуықтаған жоба бүгінде өзінің бағасын ақтады. Мұнда құрғақ әдіспен өндірілетін цементтің құрамы 400 және 500 маркалы болып келеді. Жылдық қуаттылығы 1 млн 200 мың тоннаны құрайды.

– Дәл қазіргі таңда зауыттан жылына 1 млн 400 тоннаға тарта цемент біздің станциямыз арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріне, сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне жол тартады. Жыл он екі ай жұмысымыз тоқтаған емес. Қай маусымда болса да еңбек көрігі қызып жатады. Зауыт өнімдерін вагондарға тиеуде де ешқандай проблема жоқ. Өйткені, әу бастағы құрылыс теміржол тасымалын есептей жоспарланған, қысқасы, Мыңаралдың тынысы тарылмайды, – дейді станцияның басшысы.

Станция аумағынан ай сайын 2000 мың вагон цемент жан-жаққа жөнелтіліп жатса, теміржолшылар отыз күннің ішінде 850-900 шақты вагон жүк қабылдап алады екен. Оның ішінде цемент өндіруге қажетті шлак, гипс, әктас сияқты шикізаттар бар. Қияндағы ауыл коронавирус індетінен аман. Теміржолшылар арасында да ауырған, сырқаған жан жоқ.

Алайда, барлығы пандемиялық карантин талаптарын сақтап жұмыс істейді. Жамбыл Жүк тасымалы бөлімшесінен қажетті медициналық бұйымдардың барлығы жеткізіліп берілген. Антисептик те, қорғаныш маскалары да, қолғап, халат секілді киімдер, дәрі-дәрмектер баршылық.

«Ауру біз жаққа келмеді деп ахуалды бақылаусыз қалдырған жоқпыз. Карантин талаптарын қатаң сақтаймыз. Бәлкім, сол сақтану шараларының жоғары деңгейде жасалғандығынан болар, ешқандай қызметкеріміз жатып қалмады. Қалыпты режиммен жұмысымыз жалғасып жатыр», – дейді Алик Халықұлы.