Теміржолшылар коронавируспен қалай күреседі?

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Әлемді жайлаған жаман індет қазақ елін де айналып өтпей, өз ылаңын салды. Өкінішке орай, бұл індеттің қармағына ілінген науқастар арасында теміржолшылар да бар. Десе де, сала еңбеккерлері коронавирусқа қарсы күш біріктіріп, науқас әріптестеріне дәрі-дәрмектер, өкпе желдететін аппараттар, оттегі баллондарын сатып алып, бетперделерін тігіп таратып жатыр.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басшылығы мен кәсіподағы коронавирус пандемиясы жағдайында бар күшін ұжымның қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға жұмылдырды. Іссапарлар тоқтатылып, пойыздар қозғалысына қатысы жоқ қызметкерлер үйден жұмыс істеуге жіберілді. Жиналыстар мен кездесулер онлайн-режимде өткізілуде.

Барлық орынжайларда дезинфекция жүргізіліп, антисептиктер орнатылып, қатаң маска режимі енгізілді. Басшылық пен кәсіподақ COVID-19 індетіне шалдыққан қызметкерлерге дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құралдарын сатып алуға көмектесуде.

Мәселен, Алматы жүк тасымалы бөлімшесінің ұжымы сырқатқа шалдыққан өз қызметкеріне ӨЖЖ аппаратын сатып алса, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің кәсіподағы Шетпе станциясының қызметкеріне оттегі баллоны мен тапшы дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат бөлді. Ақмола бөлімшесінің басшылығы мен кәсіподағы дәрі-дәрмек жетіспеген кезде өз қызметкерлеріне Ресейдің Қорған қаласынан медикаменттерді жеткізуді ұйымдастырды.

Павлодар жүк тасымалы бөлімшесі де құнды дәрілерді сатып алып, екібастұздық әріптестерінің өмірін сақтап қалды. Ал Қарағанды жүк тасымалы бөлімшесінің басшылығы мен кәсіподағы Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы теміржол ауруханасында жатқан коронавирусқа шалдыққан науқастарға және онда емделіп жатқан бөлімше қызметкерлеріне ыстық сорпа ішу үшін қой еті мен 100 литр қымыз жеткізіп берді.

Сонымен қатар филиалдар қызметкерлері өз күштерімен бірнеше мыңдаған бетперделер тігіп, теміржолшы әріптестеріне, вокзалдардағы жолаушыларға тегін таратты.

Бұдан бөлек, жұмыс беруші мен кәсіподақ бюджеті есебінен көп реттік маскалар, қолғаптар, дезинфекциялау құралдары сатып алынды.

Ел басына төнген осындай қиын-қыстау кезеңде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның серіктестері де көмек қолын созды. Олар коронавирус инфекциясына және пневмонияға шалдыққандардың көрсеткіш деңгейі жоғары Қарағанды, Ақтөбе және Түркістан облыстарындағы халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы науқас теміржолшыларға материалдық көмек көрсетті. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басшылығы серіктестер көмегіне алғыстарын жеткізді.

Сонымен қатар «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның теміржолшылардан құралған еріктілері «ҚТЖ-ның 2020 қайырымды ісі» және «Ізгілік рельсі бойынша» әлеуметтік жобалар шеңберінде жалғызбасты зейнеткерлерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды, көпбалалы және толық емес отбасыларын қамқорлықтарына алып, қолдан келгенше жәрдем беруде. Айталық, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Шымкент жүк тасымалы бөлімшелерінің белсенді жастары оларға азық-түлік себеттерімен қатар дәрі-дәрмек, қорғаныс құралдарын жеткізіп берді.

Сондай-ақ, еріктілер коронавирусқа шалдыққан аудандық ауруханалардың науқастарына азық-түлік жинағы мен дәрілер апарып берді. Ал Жамбыл және Ақмола жүк тасымалы бөлімшелерінде азық-түлік жинақтары әлеуметтік-осал топтағы қызметкерлерге табысталды.

Филиалдардың кәсіподақтары карантинде оқшаулану салдарынан қиын жағдайға тап болған қызметкерлерін де назардан тыс қалдырмай, оларға азық түліктермен қатар қорғану құралдары және тұрмыстық химия тауарларының жеткізілімін ұйымдастырды.