Түбек теміржолшылар қолдан келген көмектерін жасауда

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Қазір нағыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» қимылдайтын сынақты кезең. Күллі әлемді дүрбелеңге салған індетті жеңу оңай болмай тұр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қатерлі індеттің бетін қайтаруға түбек теміржолшылары да қолдан келген көмектерін жасауда.

Маңғыстау вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің вагон қараушылары өз көліктерімен дәрігерлерді науқастардың үйіне тасымалдап, аурухана мен емханаларға дәрі-дәрмек жеткізіп беріп, талай адамның дертіне дауа табуына септік етуде.

Вагон қараушылар кезекті ауысымнан босап, демалуға берілген уақытын осындай игілікті іске жұмсап жүр. Күні бойына кезекпен Мұнайлы ауданында орналасқан орталық емхананың медициналық қызметкерлерінен құралған мобильді топты шақыру түскен мекенжайларға алып барады. Олармен бірге науқастарға дәрі-дәрмек таратады. Алғашқы медициналық көмек көрсету ісіне қолғабыс етіп, қатерлі вируспен күресуге аз болса да өз үлестерін қосып жатыр.

− Мобильді топтың медицина қызметкерлері шақырту бойынша қызмет көрсетуіне аудандық әкімдіктің ұйымдастыруымен түрлі мекемелер қолдау білдіруде. Соған біз де атсалысудамыз. Мысалы, бүгін екі вагон қараушымыз дәрігерлерді тасуға шықты. Қосымша күш керек десе, оған да дайынбыз. Бүгінде көпшілік ауырып үйінде ем алуда немесе біреулер ауырса да «жедел жәрдем» шақыртуға жүрексінеді. Біздің вагон қараушылар кеше медицина мамандарын түске дейін сондай оншақты үйге жеткізіпті. Айтуларына қарағанда жеңіл көлікпен барған дәрігерлер ауырған адамды қарап, науқастың хал-жағдайына қарай ем-дом береді, қажет деп тапса, «жедел жәрдем» бригадасын жібереді, – дейді Маңғыстау станциясындағы вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің бастығы Ерболат Саулебаев.