Жаңа станция - жастар мекені

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда ЖТ бөлімшесінің солтүстігіндегі Сексеуіл-Қоскөл Жезқазған жаңа темір жолының бойында Абай станциясының бой көтергеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Пайдалануға берілген сәттен бастап телім бойымен алғаш жүк тасымалы ұйымдастырылып, уақыт өте келе жолаушылар пойыздары жүргізіліп, теміржол бойындағы қалыпты тіршілік жанданып келеді.

Қазіргі таңда жаңа телім бойындағы бөлімшеге қарасты Сексеуіл мен Қоскөл станциялары арасында 10 бекет, 4 станция бар. Бұл бекеттердің бәрінде негізінен жастар жұмыс істейді, олар жас станцияның құрылуқалыптасу кезеңіндегі барлық ауыртпалықты жауапкершілікпен көтеруде.

Қазір станциядан тәулігіне екі бағытта он шақты жүк пойызы, күнара жүретін №617618 Қызылорда-Нұр-Сұлтан бағытындағы жолаушылар пойызы, теміржолшылардың ауысымына орай 5 күнде бір рет жұмысшы пойызы қатынауда. Абай станциясында теміржол вокзалы, «Теміржолсу-Қызылорда» мекемесінің су қоймасы, Қазалы электрмен жабдықтау дистанциясының электроподстанциясы, қос пәтерлі жатақхана, Сексеуіл жол дистанциясына қарасты 2 өндірістік телімнің ғимараты секілді теміржол нысандары бой көтерген.

Ендігі уақытта судың тапшылығына қарамастан нысандар маңын абаттандыру жұмыстары қолға алынса, нұр үстіне нұр болмақ. Жылдың қай мезгілі болмасын түске дейін тым-тырыс тыныштық құшағында тұратын Абайда түс ауа жердің шаңы мен құмын көкке көтеретін жел күн еңкейгенге дейін бір толастамайды екен.

Соған қарамастан жігерлі жастар айдаладағы шағын станцияда тынымсыз еңбек етіп, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігінің сақталуына үлес қосып келеді. Олар – станция бастығы Нұрлан Шүреновтан бастап станция кезекшісі Қайрат Мерейов, бағыттамалық бұрма кезекшісі Жансерік, су шаруашылығынан Жұмабай Қонысов, вагон қараушылар Мадияр Сүлейменов пен Серік Бақаев, жолшылар Әбдірахмен Әлімбаев пен Ғанимұрат секілді жас теміржолшылар.

Телім бойындағы нысандарды кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланған. Сондықтан әлі толық жабдықталмаған, билет кассасы жоқ, күту залы әзірленбеген вокзал ғимаратының маңы алдағы уақытта абаттандырылып, инженерлік құрылымы реттелетіні белгілі.

Станцияның халқымыздың ұлы тұлғасы, бүгінде 175 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып жатқан Абай Құнанбаевтың атымен аталуы жайында ауыл тұрғыны Ермек ақсақалмен тілдескенімізде мынаны білдік. «Ертеректе осы өңірдегі іріліұсақты шаруашылықтар Абай деген атаумен бір орталыққа біріктірілді, кейіннен құрылымдық өзгеріс кезінде аты өзгертілді, ал мына жаңа жол салынып, пайдалануға берілгенде Абай атын қайтарып алдық.

Сексеуіл-Жезқазған жаңа телімі салынған кезде бұл станцияның қалай аталуы Ұлттық компания басшылығының құзырында болғанмен жергілікті тұрғындардың пікір-ұсынысы ескерілген секілді, соған ризамыз» дейді ақсақал.

Абайлықтар жолаушы пойыздары қатынай бастағанына дән риза.

«Бұрын орталыққа бару азап еді, енді ауылымыздан тікелей пойыз қатынасы бар, еш қиналмаймыз. Жастарымыз теміржолға жұмысқа орналасуда, теміржол ауылымыздың әлеуетін көтерді. Енді вокзал күту залын ашып, перронын ретке келтірсе, вагонға мініп-түсуде қиналмас едік», – деген Ермек ақсақал ойы мен ұсынысын да жеткізді.

Жезқазған-Сексеуіл жаңа жолының Қызылорда ЖТ бөлімшесі аумағындағы 10 бекет пен аралық 3-4 станция жергілікті халық үшін нағыз тіршілік көзі болғаны анық.

Теміржолға жақын Абай, Жіңішкеқұм, Қоскөл мен Сексеуіл елді мекендерінің жергілікті тұрғындары үшін қосымша жұмыс көзі болып отыр.

– Абай станциясы – бөлімшедегі ең жас станцияның бірі. Үш қана станциялық жолы болса да бұл бекеттен тәулігіне 10 шақты жүк көлігі өтеді. Жоғарыдағы жолаушы құрамдары да қатынап тұр. Теміржолшылардың басым бөлігі жергілікті тұрғындардан жасақталған. Станцияға №№13,14, 15 және 16 бекеттер біріктірілген. Ауысыммен жұмыс жасайтын теміржолшылардың әрқайсысы өздеріне тапсырылған жұмыстарды толық атқарып келеді, жұмыс ырғағы қалыпты, – дейді станция бастығы Нұрлан.