Атақты теміржолшылар династиясын жалғастырушы

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Шагирова Гүлшараның темір жол саласындағы еңбек өтілі қырық жылдан асады. Осы жылдар ішінде ол талай өмір белестерінен өтті, көптеген аға буын өкілдерімен қызметтес болды. Оқыды, тоқыды, білмегенін үйренді, күндердің күнінде өзі де біреуге үйрететін нағыз теміржолшы болды.

Гүлшара – атақты теміржолшылар династиясын жалғастырушы. Атасы Шағыр өткен ғасырда өлке темір жолының құрылысына қатысқан адам, жолшы болыпты. Әкесі Ермек Шағырұлы да ұзақ жылдар жол шебері болып еңбек еткен, бүгінде зейнеткер.

– Менің туған ауылым 506-разъезд деп аталды, қазір ол ауыл жоқ. Әкем сонда жол шебері болып жұмыс жасады. Мен Қайыршақты орта мектебін бітірген соң Гурьев темір жол техникумына оқуға түсіп, 1979 жылы аяқтадым. Содан Гурьев қаласындағы Тендік станциясына жүк кассирі болып жұмысқа тұрып, еңбек жолымды бастадым. Шиеттей жеті бала анадан ерте қалдық, үйдегі бас көтергені мен едім. Әкеміз бәрімізді бір өзі бағып-қағып адам қылды, қатарымыздан кем қылмады. Сол үшінде әкемізге өмір бойына қарыздармыз, бұл өмірде жеткен жетістігіміз болса ол сол ардақты әкеміздің арқасы деп білемін, – дейді Гүлшара Ермекқызы.

Ол кезде Теңдік станциясы шағын бекет саналатын. 1993 жылы станция бойынша жүк тасымалдау жұмыстарының жабылуына байланысты Гүлшара басқа жұмысқа ауыстырылады. 2006 жылдан бастап Акжайық станциясында жүк кассирі болып жұмыс жасап, станция жұмысының алға басуына үлкен үлес қосты. Станцияға келім-кетім жүк көп, жалпы қалаға келетін жүктің 60 пайызы осы станция арқылы өтеді, 54 кірме жолы бар жұмысы аса күрделі де ауқымды станцияда жұмыс істеу оңай емес екені белгілі.

Аға тауар кассирі Гүлшара Ермекқызы секілді жұмысына үйренген, аса ұқыпты, кәсіби мамандар ғана мұндай жерде ұзақ жыл тұрақтап жұмыс жасайды. Күнделікті келген жүкті қабылдап, құжаттарын тексеріп, ақшасын есептеп, есеп-қисабын түгендеп, барлық жұмысты зор жау апкершілікпен атқаратын маманның «артықтан тәлім ал, кемге үйрет» демекші, ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары, кейінгі жас буынға да білгенін үйретуден жалыққан емес. Осы жылдар ішінде бірнеше толқын шәкірт тәрбиелеп шығарды. Отбасында да бақытын тапқан жан, жұмыстан қол үзбей жүріп алтындай төрт бала тәрбиелеп өсірді. Олардан бүгінде 4 немере, 6 жиен сүйіп отырған аяулы әже.

«Менің ендігі хоббиім – осы немерелерімді тәрбиелеп, жетілдіру» дейді Гүлшара апа әзіл-шыны аралас.