Танымал теміржолшы атындағы көше

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Жаманқұловтар әулеті – республикаға танымал теміржолшылар династиясы. Еңбек жолын Батыс Қазақстан локомотив депосында бастаған Сержан Жаманқұлов – сол әулеттің бір мүшесі. Артына өлместей із қалдырған танымал тұлғаның сәулелі ғұмыры сөнбек емес. Бүгінде туған жеріндегі бір көше оның есімімен аталады.

Сержан Жаманқұлов – еңбекқорлығымен ел жадында қалған қадірі биік тұлға болды. Жиырма екі жыл бұрын небәрі 54 жасында өмірден озды. Қазір облыс орталығындағы теміржол мекемелері орналасқан ауданда теміржолшының атындағы көше – тек ұрпағы үшін ғана емес, әріптестері, жерлестері үшін үлкен мақтаныш.

Сержан Жаманқұлов Кішіқұм бойында 1944 жылы дүниеге келген. №16 ауыл аталатын мекенде ыстық құмға табанын күйдіріп, пойыз дүрсілін естіп өскен. Жол бойына төгілген қара майдың, шпалдың иісін иіскеп, балғасын сүйреткен әкесімен бірге жол бойында өскен бала да ер жеткенде теміржолшы болуы заңдылық сияқты.


1961 жылы Шалқар қаласында мектеп бітіріп, Ташкент теміржол көлігі инженерлері институтына оқуға түскен. Студент кезінде Ресейдің Краснояр қаласында әскери борышын да өтеп келген. 1970 жылы институтты тәмамдап, туған жерге оралған оның алғашқы еңбек жолы Ақтөбе локомотив депосында шебердің көмекшісі болудан басталған екен. Бала кезден алған тәрбие, оқу орнында алған кәсіби біліктің арқасында өзінің нағыз теміржолшы екенін танытқан. Кейін өндіріс шебері, аға шебер атанып, әке сенімін ақтады.

1973 жылы Ақтөбе локомотив депосы бастығының жөндеу жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Көп ұзамай депоның бас инженері болды. Араға төрт жыл салып, депо бастығы болып тағайындалды.

Батыс Қазақсан теміржолының локомотив шаруашылығын басқарған жылдары депутат болып сайланып, қала өміріне араласа бастаған. 1987 жылы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, қайта құру дүрбелеңі кезінде ел тізгінін ұстаған. 1992-1993 жылдары Ақтөбе қаласының әкімі болды. Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздік туы ілініп, ел бірлігі нығая бастаған тұста күндіз-түні аттан түспей, өңірдегі өндірістік кәсіпорындар, зауыттардың мүмкіндігін барынша пайдаланып, жұмысты тоқтатпауға тырысып, бюджет қызметкерлеріне, көпбалалы отбасыларға арнап, қалада бірінші рет 12 қабатты тұрғын үй салғызған еңбегі ерен азаматтың көзін көргендер оның жанкештілігін аңыз етіп айтады. Ел ішінде қайырымды қалабасы атанған теміржолшы талай мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, барлық түйткілді мәселелерді шешуге ұйытқы болған.

1993 жылы Сержан Боранқұлұлы сүйікті кәсібіне қайта оралады. Батыс Қазақстан теміржолы басшысының орынбасары болып, кейін басқару тізгінін ұстайды. Теміржол инженері ретінде өндіріске елу шақты жаңашылдық ұсыныстарын енгізуі оның сәулелі өмірінің өшпес еңбегі деп айтуға тұрарлық. Есімі Ақтөбе энциклопедиясында жазылған.