Нөкерова Марияш - Мұқыр станциясының мақтанышы

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Мұқыр станциясында барлығы 40 адам жұмыс істейді, оның ішінде байланыс саласы, электрмен қамту, вагоншылар, т.б. жұмысшылар бар. Олардың басты міндеті – станция арқылы өтетін жолаушы және жүк пойыздарының қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Нөкерова Марияштың мұнда станция кезекшісі болып еңбек етіп келе жатқанына келер жылы отыз жыл болады. Марияш осы Мұқыр станциясында 1971 жылы дүниеге келді. Мектеп бітірген соң ешқайда бұрылмай, Гурьев темір жол техникумын «Темір жолдарды пайдалану технигі» мамандығы бойынша 1991 жылы тәмамдап, туған Мұқырына қайта оралады.

Содан бері станция кезекшісі. «Темір жолды таңдауыма әкем Нөкеров Батырбек Тоғайбайұлының осы салада өмір бойы еңбек етуі себеп болды. Ол жол жөндеуші болды. Таңнан қара кешке дейін, кейде күн-түн демей жұмыста болатын. Ол кезде қазіргідей техника жоқ, бәрі қол күшімен жасалушы еді ғой. Әкем өз жұмысын жақсы көрді. Содан да болар мен де осы саланы ұнаттым. Сөйтіп, қалаған мамандығымның иесі атандым» дейді Марияш.

Станция арқылы тәулігіне 8 жұп жолаушылар пойызы және 15 жұп жүк пойызы өтеді. Қозғалыс қауіпсіздігін сақтай отырып, станцияға келген пойыздарды қабылдап-жөнелту, ақаулыққа жол бермей, межелеген жеріне аман жетуін қамтамасыз ету – барлық теміржолшының міндеті. Бірақ «қозғалыс командирі» дейтін станция кезекшісінің жауапкершілігі ерекше. Марияш өз ауысымында осы қағиданы қатаң сақтап, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруды әдетіне айналдырған. Осы туған жері Мұқырдың қызы әрі келіні болған соң оны танымайтын адам жоқ және бүкіл мұқырлықтар «өзіміздің Марияш» деп оны жақсы көреді, оның жетістігін жастарға үлгі тұтып, мақтаныш етеді.

Жалпы Мұқырда бүгінде 5 мыңның үстінде тұрғын болса, станция вокзалы 150 орынға шақталған, ішінде станция бастығы мен кезекшінің, құрылымдық бөлімшелер мамандары бөлмесі, билет кассасы бар. Вокзалға 2014 жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, қызметкерлердің жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасалған. Сол қолайлылықты Марияш та сезініп, жұмысын еш кедергісіз атқарады. Жұмысында абыройлы болуды мақсат етсе, үйінде Аягөз, Әсем атты қыздарының болашағына алаңдайды. Өйткені Марияштың көз қуанышы да, өмірінің мәні де сүйікті жұмысы мен сол аяулы қыздары.