Қарашаңырақтың иесі 35 жылдан бері еңбек етіп келеді

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Тағдырын теміржолға арнаған еңбек адамдары қайда да бар. Ақтөбе теміржолына қарасты Қарашоқат станциясының қозғалыс қауіпсіздігі ревизоры Бауыржан Орынбай 35 жылдан бері осы саланың «отымен кіріп, күлімен шығып» еңбек етіп келеді.

Шалқар көлінің суына шомылып, шойынжолдың бойында өскен Бауыржан Орынбай ағамыз – күнқақты жүзінен қажымас қайсарлығы көрінген нағыз теміржолшы. Әкесі Ермек ақсақал да 47 жыл ғұмырын теміржол саласына арнаған Құрметті теміржолшы.

«Әкем зейнетке шыққан соң қарашаңырақта қалып, әке таяғын ұстап қалу маған бұйырыпты. Отбасындағы тоғыз баланың жетеуі осы теміржол саласында еңбек етеміз. Теміржолшы болу бәріміздің бала күнгі арманымыз болды. Есімде, бастауыш сыныпта оқып жүріп «Теміржолшы болуды армандаймын» деп шығарма жазатынмын. Өзіміз осы теміржол бойында өскеннен кейін басқа мамандықты елестету мүмкін де емес еді», – деп еске алады Бауыржан Ермекұлы.

1968 жылы осы Қарашоқатта туып өскен ол бала кезден теміржолшы әкесінің тынымсыз еңбегін көріп қана өскен жоқ, қолғабыс жасап жүріп біліп те өсті. Сондықтан 1985 жылы мектепті бітірген соң жол дистанциясына жол монтері болып жұмысқа тұрған бозбала дайын жолшы еді. Іске тиянақтылығымен танылған жасты жылға жетпей станция кезекшісі етіп алды.

Бұл жұмысты да лезде игеріп әкетті. 1987-1989 жылдары әскери борышын өтеп келген соң жұмысын қайта жалғастырды. Сырттай оқуға тапсырып, жұмыс істей жүріп білімін де жетілдіре берді. Станция кезешілігінен 1991 жылы Қарашоқат станциясының басшысы қызметіне тағайындалып, үш жыл атқарды. Теміржолшыдан есінде қалған оқиға туралы сұрағанымызда:

«1998 жылдары Шалқар-Сексеуіл аумағындағы Көкмола, Кеңдала, Жылан станцияларын қар басып қалды. Сол кез ең қиын кез болып есімде қалған. Наурыз айында қарлы жаңбыр жауып, темір жол бойына көп қиындықтар туғызаны әлі есімде. Күрекпен мұзды жинап, резеңке етікпен су кешкен теміржолшылар қатты қиындық көрсе де пойыздар қозғалысын тоқтатпауға жанын салды. Сол кездегі жұмыстар бәрімізге үлкен сабақ болып қалды. Сол сәттегі әріптестерімнің еңбегін ойласам, мамандығымды мақтаныш етемін», – дейді Бауыржан Орынбай.  

2003 жылдан бері Қарашоқат станциясына қозғалыс қауіпсіздігінің ревизоры болып еңбек етіп келе жатқан теміржолшы әулет жолын жалғаған ұрпағымен де мақтана алады. Қызы магистральдық желі бөлімшесінде еңбек етіп жүрсе, ұлы – Алматыдағы ҚазАТК студенті, болашақ теміржолшы.