«Темір-терсектің» арасында жүрген санаулы әйелдің бірі

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Сыр елінің тумасы, бүгінде елордалық теміржолшы Жеңіскүл Ибраева өмір бойы жылжымалы құрамның, соның ішінде жолаушылар вагондарының күтімін жасауға қызмет етіп келеді. Бүгінде «Вагонсервис» АҚ-ның жылжымалы құрамды жөндеу және сақтау бөлімін басқаратын кейіпкеріміз – «темір-терсектің» арасында жүрген санаулы әйелдің бірі.

Теміржолшының қызы болса да, бұл салаға бет бұру ойында болмаған ол Алматыға химия саласында білім аламын деп барады.

Алайда емтиханнан сүрініп, теміржол көлігі инженерлері институтына кездейсоқ түскен екен. Көңілі алаң қыз бастапқыда «темір-терсек» туралы оқуды қабылдағысы келмей жүріпті. Оның үстіне бір топта 28 студент болса, соның екеуі ғана қыз.

Бір семестрде ұстазы Николай Кузьменко оған жарытып сабақ айтпаса да, жоғары баға қояды. Бұл өзге студенттердің шамына тиіп, біраз сөзге қалады. Сонда ұстазы: «Көресіңдер, Жеңіскүл келесі сынақта өзін толық көрсетеді» деген екен.

Осы сөз оның намысын жанып, келесі семестрде бәрін толық түсіну үшін 10 күн каникулда Қазалыдағы туған ауылына қайтпай, Алматыдағы электромеханикалық зауытта тәжірибеден өтіп, сол аралықта вагонның бүкіл «ішек-қарын, іш-құрылысымен» танысып, бәрін ұғып шығады. Темір екеш темірдің де жаны бар екенін ұғады. Осылайша оның теміржолшы мамандығына деген ықыласы оянған екен.

Содан кейін ол мектепті бітіргендей, жоғарғы оқуды да үздік дипломмен бітіріп, 1990 жылы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы жолаушылар вагондарын жөндейтін депода инженер-инструктор болып бастайды. Міне, осы аралықтағы 30 жылда жолаушылар вагондарын «емдеу» ісімен айналысып келеді.

– Біздің мақсатымыз – вагондарды уақытылы жөндеуден өткізіп, жол мен адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар ақауы бар вагондарды дер кезінде анықтап, қалпына келтіру. Вагондарды заманға сай құрал-жабдықтармен толықтыру. Жолға ақаусыз вагондар жіберу – міндет. Менің күнделікті қызметім технологиялық процеспен, вагондардың ақауын табу, соған сай келетін жабдықтарын алдырту, жөндету ісін бақылаумен байланысты. Қарамағымда 5 адам бар. Бәріміз сол мақсат төңірегінде шоғырланып, күн сайын өз жұмысымызды жоспарға сай орындаймыз. Еліміз бойынша біздің қоғамның Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалаларында 3 филиалы және 17 телімі бар, – дейді Жеңіскүл Ибраева.

Студент кезде ол вагон қараушы болып та практикадан өткен екен. Одан бергі жерде қанша жыл осы салада еңбектеніп келеді, тәжірибе бар, вагондардың ауру-сырқауын қозғалып келе жатқанда-ақ байқайтын болған. 2000 жылы елордаға ауысып, вагон депосына жетекші инженер болып жұмысқа тұрады. 1,5 айдан кейін техникалық, одан әрі эксплуатациялық бөлім бастығының орынбасары қызметіне көтеріледі. Қазіргі қызметіне 10 жыл бұрын тағайындалған. 2015 жылы «Үздік маман» төсбелгісімен марапатталды.

– Соңғы жылдары Тальго және тағы да басқа заманауи вагондар келіп жатыр. Олар бізге пайдалануға берілгенге дейін зерттеледі. Мамандар арнайы оқытылады. Ноу-хау болса да, біз олардың да толық құрылымын біліп, кейін жөндей алатындай үйреніп шығамыз. Жалпы қашан да ізденіс үстінде болу – біздің мамандықтан талап етілетін қасиет, – дейді тәжірибелі теміржолшы.

Жеңіскүл Ибраеваның жолдасы Болатбек Ибраев та теміржолшы, жолаушылар тасымалы саласында 39 жылдан бері еңбек етеді. Екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Ұлдары шетелде білім алып келсе де, қазір осы акционерлік қоғамның филиалында еңбек етіп, ата-анасының жолын жалғастыруда.