Дарақ бір жерден көгереді

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Манкент станциясының басшысы Алимахан Исаханов осы станцияда станция кезекшісі болып еңбек жолын бастағалы 35 жыл өтіпті. «Дарақ бір жерден көгереді» деген сөз осындайда айтылса керек.

1985 жылы Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын тәмамдап келгелі осы станцияда тапжылмай еңбек етіп келеді. Осында өсіп, өнді. Ең алдымен станцияға кезекші болып жұмысқа орналасты, 1986 жылдың қаңтарынан 1988 жылға дейін Манкент станциясының орынбасары болды, ал сол жылдың сәуір айынан бастап аталған станцияны басқарып келе жатыр.

Бүгінде Манкент станциясында басшылық етіп келе жатқан ол станция ұжымы өзінің екінші үйіне айналғанын жасырмайды. Станция басшысының өзімен қосқанда 24 адам бір үйдің балаларындай жұмыла еңбектеніп жатқалы талай жыл. Станция басшысы жұмыс күнін әдетте жақсы көңіл-күймен бастауға күш салатынын айтты. Себебі жұмысшылардың күні бойы сергек болуы басты орында дейді. Өйткені, ұжым жинақы, көңілді болса, жұмыс та өнімді болмақ.

Оның айтуынша, станция басшысы болу оңай, өндірісте ақау жібермей, шашау шығармай жұмысты жүргізу оңай емес. Осы ретте титтей де жетістікке қол жеткізсе, теміржол саласына үлес қосуға кеткен жылдар үмітті ақтағаны деп біледі.

«Кеңес заманын да, қазіргі Тәуелсіздік заманын да көрдік. Теміржолда қаншама өзгерістер болып жатты. Станциядан мұнда көбіне мұнай өнімдері артылады. Қауіпсіздік – басты орында. Ес білгелі темір жолдың тырсылын естіп келемін. Таңдаған мамандығым мен өмір жолым, жеп отырған адал нанымды осы саладан көріп келемін. Менің жолымды ұлым Асқар жалғастырып, бүгінде көлік бақылау инспекциясы саласында еңбек етіп жүр. Жалпы, станция тынысы күнделікті темірдей тәртіпті қажет етеді. Мұнда бір күн де босаңсуға болмайды. Бір сәт мүлт кеттің бе, қауіпті жағдай, орны толмас апат орын алуы мүмкін. Себебі, біздің станция Манкент ауылының қақ ортасында орналасқан. Сондықтан, сәт сайын қырағылық танытып отырмасақ болмайды», – дейді Алимахан Төлегенұлы.

Биыл ердің жасы 60-қа толатын теміржолшы денсаулығы жетсе, таңдаған кәсібінде тер төге бермек. Қазақстан теміржолының 100 жылдық мерейтойына орай «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған станция бастығы өмірін теміржолсыз елстете де алмайтынын айтады. Дүрсілдеген пойыздың, жүк вагондарының шуылына үйренген.