Теміржолшылар күні - ерен еңбек еленген күн

Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісін қазақстандық теміржолшылар асыға күтеді. Себебі дәстүр бойынша бұл күні Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді.

Бұл мерекенің ежелден тілге жатық атауы – теміржолшылар күні, ол темір жол көлігі тасымалы саласында еңбек еткен, әлі де қызмет етіп жүрген, кешегі-бүгінгі барша теміржолшыларды біріктіретін мереке.

Сонымен қатар, әрине бұл күн өзін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкерімін деп атайтын жүз мыңдаған адам үшін айрықша маңызы бар мереке, магистраль майталмандарының ерен еңбегі еленіп, мерейі үстем болатын күн.

Теміржолшылар елдегі жолаушылар және жүк тасымалын қамтамасыз етсе, темір жолды дамыту жобалары бүтін бір аймақтарды қалыптастырудың драйвері десек болады.

Биылғы жылдың алғашқы жартысы бар әлем үшін жаңа сын-қатер төнген ауыр кезеңмен есте қалды. Яғни, коронавирус инфекциясының пандемиясы жер бетінде тарады. Соған қарамастан теміржолшылардың жанкешті еңбегі мен жаңа жағдайда жұмыс істеуге дайын болуы жұмыс сапасы мен көлемін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Олар тағы да темір жол саласы кез келген қиындықты еңсере алатындарын істерімен дәлелдеді.

Теміржолшылар күні қарсаңында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның мыңдаған қызметкерлері кәсібилігі, ең бір сындарлы сәтте оңтайлы шешімдер тауып, оны тиімді жүзеге асыруға дайын бола білгені үшін биыл да кәсіби саладағы дәстүрлі марапаттарға ұсынылды.

Темір жол қай уақытта да мемлекеттің шаруашылық және өндірістік дамуында экономикалық және сауда байланыстарын кеңейтудегі негізгі саласы болып қала береді. Ал осы салада қызмет ететін еңбеккерлер қоғамда зор сый-құрметке ие.

Сонымен, биыл ҚТЖ компаниялар тобының 1076 қызметкері түрлі марапаттарға ұсынылды. Олардың ішінде көлік кешенін дамытуға қосқан адал еңбегі мен үлесі үшін «Құрметті теміржолшы» жоғары салалық белгісімен компанияның барлық филиалдары бойынша 55 қызметкер марапатталды. Ал «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен 166 адам, «Кәсібі бойынша үздік» марапатымен 109 теміржолшы марапатталды. Соған қоса тағы 115 адам «Үздік маман» атағына, 266 қызметкер Компания басқармасы атынан Құрмет грамоталарына және 364 адам Алғыс хаттарға ие болды.

Айта кетейік, темір жол қызметкерлерін кәсіби ерекшелігі белгісімен марапаттау қағидасы бойынша саладағы ең үлкен марапаттардың бірі – «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің тарихына биыл 86 жыл. Мәртебелі марапатпен темір жол көлігі қызметін жетілдіру мен дамытуға, еңбекте және ғылыми және техникалық шешімдерді енгізуге, прогрессивті технологияларда, сондай-ақ сеніп тапсырылған мүлік және жүк, багаж сақтау, жолаушылар өмірін, пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты жігерлі іс-әрекеттерімен ең жоғарғы нәтижелерге қол жеткізген темір жол көлігінің қызметкерлері марапатталады.

Еңбекқорлық, жауапкершілік және адалдық – бұл әрбір теміржолшының бойынан табылатын қасиеттер. Бүгінгі күні марапатқа ие болып отырған әрбір теміржолшы оған лайық!