Құрметті теміржолшылар отбасы - Нұрмағанбетовтар әулеті

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Бір отбасында ерлізайыптының екеуі де бірдей жетістікке жететіндер сирек кездеседі. Сондай абыройға жеткен жанұялардың бірі – Маңғыстау теміржолында еңбек ететін Нұрмағанбетовтар әулеті.

Маңғыстау қалпына келтіру пойызының бастығы Маралбек Нұрмағанбетов пен Маңғыстау станциясында дөңес кезекшісі Рая Халикова өмір айдынында қол ұстасып қатар келе жатқанына отыз бес жылға таяпты. Екеуі де Гурьев теміржол техникумын бітірген маман. Қазір екеуі де теміржолдағы ең құрметті атақтың иегері. Маралбек аға 2016 жылы, екі жылдан соң Рая ханым Құрметті теміржолшы атанды. Ынтымағы жарасқан жанұя осылайша қоғамның ғана емес, теміржолдың да белді жұптарына айналды. Әрине, мұндай мәртебеге теміржол саласына қаншама жылғы қалтқысыз қызметі мен аяусыз төккен тері жеткізгені сөзсіз. Бір қызығы, бұл кісілердің өмірі теміржолмен біте қайнасып кеткені сонша, екеуін табыстырған да, тағдырын тоғыстырған да – теміржол.

− Теміржолшы болғаныма еш өкінбеймін. Осы кәсібімнен береке-бақыт таптым. Осы жолда өз серігімді, балаларымның анасын жолықтырдым. Ол бір қызық оқиға. Онда жас жігітпін. Жасым небәрі 23-те. Бұрынғы Гурьев теміржолының Туманный станциясында кезекші кезім. Біздің станцияға жұмысқа келген Раямен таныстығымыз 1985 жылы басталды. Алдымен әріптес ретінде араластық. Сызылып тұратын, бірақ мінезді де өжет қыз қатты ұнайтын.

Сондай қызды қалай қолдан беріп қояйын?! Соңынан қалмай жүріп, сыйластығымыз махаббатқа ұласып, 1986 жылы шаңырақ көтердік. Отау тіккесін сол жылы екеуіміз де Исатай станциясына ауыстық. Біздің теміржолдағы отбасылық тарих солай басталған еді. Әлі күнге солай сәтті де тәтті жалғасуда, – деп бұл жөнінде күле еске алған Маралбек аға қазір теміржолшы емес, мұғалім болып жүруі де мүмкін еді.

Әкесі Нәжімеден өмір бойы Нарын құмында мұғалім болыпты. Ол кездерде ұстаздың мәртебесі жоғары. 45 жылға жуық ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жанды ауыл-ел құрметтеп, қадірлейтін. Сондықтан перзенттерінің ұстаздық жолын жалғағанын қалапты.

Соның қатарында Маралбекті де мұғалім болуға үгіттепті. − Бірақ әкемнің қалауынан өз арманым басымырақ түсті. Жүрек қалауым теміржол бағытына бұра берді. Бала кезден соны армандадым.

Станция бойында өскесін қой бағып жүріп өткен-кеткен пойыздарды тамашалап жүретінмін. Көрінбей кеткенше артынан тамсана қарап, бала қиялға берілетінмін. Оған мініп көру ғажайып бір нәрсе еді. Өсе келе сол балалық арман теміржолға қарай тартты да тұрды. Әкемнің ойын жүзеге асыра алмасам да, өз таңдауымды жасап, еш қателеспедім. Кәсібімнің арқасында көп нәрсе көрдім, білдім. Теміржолмен бірге өсіп-өндім. Үйлі-жайлы болдым. Балаларымды жеткіздім. Күні бүгінге дейін мамандығымның нанын жеп, біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп келемін, – дейді Маралбек аға.

Сол секілді оның жұбайы Рая да да жастайынан нағашыларына еліктеп, солардың мамандығына қызығушылықпен өсіпті. Мұнайлы өңірдегі мұнайшылар отбасында өскен қыздың бүйрегі теміржолға бұрыпты.

− Нағашыларым теміржолшылар. Олардың жарқ-жұрқ еткен формасы, жұмысы маған ерекше қызық көрінетін. Кейін теміржол оқуына түсіп, жұмыс бастап, теміржолшы жолдасыммен жолығуым осы кәсіпке басыбайлы байлануыма себеп болды. Өзге жұмысқа кетуді ойламаппын да. Келін болып түскесін де жұмысымды жалғастыруыма еш кедергі жоқ еді. Исатай станциясында жұмыс істеп жүргенде екі қыз, бір ұлымыз дүниеге келді. Ата-ене, күйеуімнің қарындасымен тұратынбыз. Біздің күндіз кетіп, түнде келуіміз, кейде түнде кетуіміз бар. Сол кісілер көмектесіп, жұмыс жасауымызға мүмкіндік жасап отырды, – дейді Рая ханым.

Уақыт өте келе жас жұбайлар Исатай ауылынан Атырауға қоныс аударады. Маралбек аға Атырау іргесіндегі Теңдік станциясына кезекші болып орналасады. Соңыра пойыз диспетчері болып ауысады. Рая болса дөңес кезекшісі болады. 2007 жылы Маңғыстау жол бөлімшесі ашылғанда бөлімше директорының шақыртуымен ерлі-зайыпты теміржолшылар түбекке қоныс аударады. Маралбек бөлімшенің пойыз диспетчері – бөлімше кезекшісі жұмысына кіріссе, Рая мұнда да дөңес кезекшісі болып қабылданады. Содан бері түбек теміржолындағы жемісті жылдары жалғасып келеді.

– Қазір екеу емес, төртеу болдық. Ұлымыз Самат Маңғыстау локомотив пайдалану депосында үшінші класты машинист. Өткен жылы келін түсірдік. Келініміз Алтынгүл де теміржолшы. Маңғыстау станциясында жүк қабылдап-тапсырушы, – дейді Рая Халикова.