Пойыздар саны азайған

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Достық-АлашанькоуДостық бағытында пойыздар қозғалысын, жүк жөнелту және қабылдау жұмыстарын ұйымдастырып отырған шекарадағы Достық станциясында қозғалыс азайған.

Маңызды бекетте карантиндік шектеу шаралары кезінде де жұмыс тоқтамай жүріп жатыр. Бірақ бұрын станция арқылы тәулігіне 17 жүк пойызына дейін алмасатын болса, қазір күніне 5-6 пойыз ғана өткізіледі.

Пандемия кесірінен, әрине, жүк тасымалы азайған. Алматы ЖТ бөлімшесінің пойыздар қозғалысы қызметінің бас маманы Қанат Машариповтың айтуынша, станция қызметкерлері импорттық және экспорттық жүктер тасымалын ұйымдастыру кезінде карантин талаптарын сақтауға баса мән береді. Станцияда бүгінгі таңда барлығы 108 адам еңбек етсе, 33 теміржолшы қашықтан жұмыс істеуде.

– Достық пен Алашанькоу станцияларының арасы 8 км. Жүк тасымалын ұйымдастыру кезінде Алашанькоу станциясына қазақстандық теміржолшылар тарапынан Достықтан пойыз қабылдаушылар, жүктер мен багаж тапсырушылар, агенттер, алдын ала ақпарат беру агенттері барады. Олар негізінен пойыздар құжаттарын рәсімдеумен айналысады. Ол жаққа автобуспен жеткізілген бұл қызметкерлер келесі ауысым келгенше сонда болады. Барлық сақтық шараларының қатаң сақталуына орай олардың арасында ауырып қатардан шығу дерегі тіркелген жоқ, – дейді Қ.Машарипов.