«Эко-сақшы» акциясы жалғасады

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Осыдан біраз бұрын ұлттық компанияға қарасты барлық бөлімшелерде ұйымдастырылған «Эко-сақшы» экологиялық акциясы Семей ЖТ бөлімшесінің барлық құрылымдарында нәтижелі іске асырылып, соның аясында кешенді түрде орындалуы тиіс жоспарлы шаралар қатары қабылданды.

Бұл орайда бөлімшенің өндірістік қауіпсіздік бөлімінің мамандары арнайы нұсқаулық даярлап шығарды. Оған сәйкес, әр теміржолшы еншілес мекемелер мен салалық құрылымдарға қатысты орындарда қоршаған ортаға зиян келгені жайлы оқиғаға куә болған жағдайда фото және бейнефиксация жасап, бөлімшедегі экологқа хабарлауы тиіс.

Ал, мұндай жайт тіркелген жағдайда бөлімше экологтары орын алған олқылықты жою бойынша жұмыс жүргізіп, соның нәтижесінде фотоесеп жасауы керек.

Әрі бұл жайт алдағы уақыттарда қайталанбас үшін міндетті түрде арнайы тіркеуге алынатын болады. Мұның сыртында барлық теміржолшы жұмыс және өндіріс барысында қалатын қалдықтардың жиналуы мен жойылуын қатаң қадағалауға алуы тиіс. Ол үшін мекемелер дәліздерінде арнайы эко-бокстар қойылған.

Сондай-ақ, ендігі аралықта жұмыс орнындағы санитарлық тазалық, эпидемиологиялық сақтық шаралары да назарға алынып, қатаң түрде тексерілетін болады. Сол тәрізді сала қызметкерлері мекеме маңайының сыртқы тазалығына да жауапты саналады.

– «Эко-сақшы» акциясы аяқталғанымен, теміржолшылар үшін экологиялық мәдениетті сақтау шаралары аяқталған жоқ, жалғаса береді. Қайта осы қарқынмен кең көлемде жалғастық табуы тиіс, – дейді бұл ретте Семей ЖТ бөлімшесінің қоршаған ортаны қорғау бойынша инженер-экологы Аяулым Оралова.

Қазіргі күні барлық теміржол мекемелеріндегі экологиялық ісшараларға жауапты мамандар теміржолшылар үшін экологиялық сауаттылықты арттырып, таным қалыптастыру мақсатында арнайы парақшалар мен буклеттер үлестіруде. Сонымен қатар, үгіт-насихат мақсатында арнайы стенділер де әзірленуде.