Пилоттық жобамен жұмысқа тұрды

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Өткен жылдан бастап «ҚТЖ» ҰК» АҚ бойынша жұмысқа қабылданудың ерекше үлгісі енгізілгені белгілі. Сыбайластық пен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің жолын кесіп, ашықтықты қамтамасыз етеді деп сенім артқан жоба жемісін беріп жатыр деп айта аламыз.

Шымкент магистральдық желі бөлімшесі бойынша осы пилоттық жоба арқылы алғашқы жартыжылдықта 50 адам жұмысқа тұрыпты. Олардың бәрі де теміржолдың өндірістік салаларындағы жұмысты қамтамасыз ететін жолшылар, байланысшылар мен электрмен жабдықтаушылар сынды негізгі мамандық иелері.

«Өткен 2019 жылдың 13 мамырынан бастап біздің аймақта бос жұмыс орындарына жұмысшыларды сыртқы сайт арқылы қабылдайтын пилоттық жоба жұмыс істеп жатыр. Алайда биылғы жылдың 4 мамырынан бастап осы жобадан тыс жол монтері, электромонтер, электромеханик сынды қажетті мамандарды жұмысқа алып жатырмыз. Ал қалған лауазымдарға адам қабылдау өзіміздің жұмысшы кандидаттардың ішінен іріктелініп алынуда. Ал алты айдың ішінде пилоттық жоба негізінде 50 адам жұмысқа қабылданды. Оның ішінде 27 жол монтері, 5 электромонтер, 6 электромеханик, 12 басқа да мамандық иелері бар», – деді НЖС-9 бас инженері Мұхтарбай Битеміров.

Бас инженер берген мәлімет бойынша жыл басынан бері алты айда Құрылыс жөндеу бригадасының жұмыс күшімен 7 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Атап айтқанда, Сарыағаш вокзалына бетон жамылғысы төселсе, қалған 9 нысанға жоспардан тыс жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бадам, Манкент, Сарыағаш станцияларында қоқыс төгетін алаңшаға жаңадан жол төселіп, пандус посттар орнатылған. Қазығұрт ЭО бекетіндегі жарым-жартылай жабынды төсеніштер мен Түркістан станциясындағы ЛАЗ ғимаратында қатты жабындылардың барлығы толықтай ауыстырылған.