Маңғыстаудағы рейд: үй-үйді түгел аралады

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Теміржолда адам мен малдың кесірінен болатын келеңсіздік, машинистердің жедел тежеу беру оқиғаларының алдын алу мақсатында теміржолшылар мен желілік тәртіп сақшылары кезекті рейдке шығып, мал бағумен айналысатын ауыл тұрғындарын аралап түсінік жүргізді.

Профилактикалық жұмыс Маңғыстау жол дистанциясы, Маңғыстау станциясындағы Желілік полиция бөлімшесінің, әкімдік қызметкерлерінің қатысуымен Баянды ауылында өтті.

Сала мамандары теміржол маңында орналасқан Мұнайлы ауданына қарасты ауылды үйме-үй аралап, халыққа теміржол бойына мал мен жанның шығып кетуі қандай қауіпті жағдайға соқтыратынын түсіндірді.

Соның салдарынан теміржолда шұғыл тежеу фактілерінің көбейіп, пойыздардың мал қағу деректері артып жатқанын айтып, малдың теміржолға кері әсерін тигізбеуге атсалысуға және өздерінің ақ-адал малын сақтауға шақырды.

Төрт түлікті теміржолға жаятын мұндай жағдай үшін ҚР ӘҚБтК-нің 559 бабы 1-бөлігінде көрсетілгендей, әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын да ескертті.

− Жыл басынан бері жедел тежеу бойынша қараусыз ірі қара малы жолға шығып кеткен 12 тұрғын анықталып, әкімшілік шараға тартылды. Соның ішінде жарты жылда 8 мал басу оқиғасы тіркелді. Жалпы, шұғыл тежеу өткен жылғы салыстырмалы мерзімдегіден көбейіп кетті. Былтыр аталған уақытта 4 мал басу болған еді. Сол үшін де оқыс тежеу фактілерінің алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шараларды көбейтіп, барынша дабыл қағып жатырмыз, – деп мәлімет берді Маңғыстау станциясындағы ЖПБ ЮПт инспекторы Дәурен Жақсылықов.

Сондай-ақ, халықпен кездесуде олар азаматтардың құқықтық санасы мен мәдениетін арттыру, тәртіпсіздікке және ұсақ құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру бағытында да ақпар берген.