Әр теміржолшы волонтер болуға ұмтылуда

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе ЖТ бөлімшесі Қандыағаш станциясының қызметкерлері биылғы жылы ерекше белсенді. Себебі де белгілі, елге түскен ауыртпалық, әлемдік пандемия ылаңы – әсіресе ерікті жастарды қатты ширатқан. Күн өткен сайын ұжымның әр мүшесі волонтер болуға ұмтылуда...

Қандыағаш станциясының жас басшысы Медет Аяғановтың өзі де осы еріктілер қатарында, жігерлі жігіт өндірістік көрсеткіште ғана емес, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру шеберлігімен де ерекше көрінуде.

«Бүгінгі жағдайда елдің әр азаматы өз жауапкершілігін сезініп, ортақ іске өз үлесін қосуды мақсат тұтуда. Біздің күшіміз – бірлікте деген сөздің қуаттылығы да осында. Ал біз, теміржолшылар сын сағатта қашан да саптан табыламыз», – дейді Қандыағаш станциясының бастығы Медет Аяғанов.

Теміржолшылар төтенше жағдай жарияланған кезде де блок-посттарды алғаш аралағандардың бірі болды, дәрігерлерді ыстық азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ел басына күн туғанда алғы шепте жүрген мамандарға ас-су мен қорғаныс құралдары жеткізілді.

«Елімізде болып жатқан індетке байланысты дәрі-дәрмек тапшылығы орын алды, бүгінде үлкен партиясы жеткізіліп, керекті дәрі-дәрмектерді мұқтаж жандарға тегін тарату жұмыстары қолға алынды. Осы жұмыс біздің еріктілерге сеніп тапсырылып, ел алғысын алудамыз. Бәрінен бұрын індеттен арылып, алаңсыз бейбіт күнге жетейік», – дейді станцияның еңбек қорғау инженері Айнұр Әбілберікова.

Сонымен қатар, қозғалыс цехының басшысы Асхат Мәжитовтың бастамасымен қалалық мешіттен көмек сұрап келген мүгедек жандарға, көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттері таратылды. Техникалық цехтың ұжымы жалғызбасты жандарды қамқорлығына алып жүр.