Құрылыс жұмыстары жалғасуда

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Ертіс өзені үстіндегі 1929 жылы салынған, Түрксібтің төл туындысы саналатын теміржол көпірін күрделі жөндеуден өткізу ісі өткен жылы қызу қарқынмен басталған болатын. Аталмыш бағыттағы жұмыстар биыл да кезең бойынша қалыпты деңгейде жүргізіліп жатыр.

Тоқтала кетсек, аталмыш нысанның зерттеу-сынамалық жұмыстары 20 жылға жуық жүргізіліп, тек алдыңғы жылы ғана толық аяқталған еді. Осылайша, Семей ЖТ бөлімшесі бойынша темір конструкциялы көпірге байланысты барлық құжаттамалар жинақталып, күрделі жөндеу жұмыстарының жобасы нақтыланған-ды.

Түрксіб құрылысының бұл бірегей туындысының қолданысқа берілгеніне биылғы мамыр айында тұп-тура 91 жыл толды. Жалпы ұзындығы 643,9 метрді құрайтын бұл көпір еліміз бойынша стратегиялық маңызға ие бірегей нысан саналады.

Сондықтан да болар, әр жыл сайын зерттеу жүргізіліп, қолдану тиімділігі нақтыланып отырды. Мәселен, 2006 жылы алматылық көпір сынамасын жүргізетін компания зерттемелік жұмыстар жасап, нәтижесінде нысанның темір конструкциялары қанағаттанарлық жағдайда емес деп таныған болатын.

Осыдан соң көпірдегі пойыз жылдамдығы 25 км/сағатқа шектелген. Сондай-ақ, ауыр салмақты жүк пойыздарына да елеулі шектеу бар.

«Сақтықта қорлық жоқ» деген, бұл жайт әлі де сақталуда. Ал күрделі жөндеу жұмыстарын алматылық мердігер мекеме «Мостоотряд-8» ЖШС байыппен жүргізіп жатыр. Бұл істе жұмысты тездетіп аяқтау емес, сапа бірінші кезекке қойылады. Белгіленген жоспар бойынша өткен жылы атқарылар шаралардың 70 пайызы орындалған еді. Қалған жұмыстар көлемді болуы себепті ағымдағы жылы жалғасын тауып, біртіндеп атқарылуда. Жалпы, бұл мақсатта 1 млрд 918 млн теңгенің қаражаты бөлінген болатын. Қазіргі күні де жұмыс күші мен қажетті техникалар жеткілікті деп бағалануда.

– Оңтүстіктен келген көпір жөндеуші мамандарға Семей жол дистанциясының мамандары нұсқамалық жәрдем көрсетуде. Осыған дейін көпірге ағымдық жөндеу жүргізіп, күтімде ұстап келген жолшылар нысандағы жұмыстардың уақытында аяқталуына мүдделі болып отыр. Жоспар бойынша Түрксібтің бұл төл туындысына жасалынып жатқан күрделі жөндеу жұмыстары биылғы жылдың қазан айының 1-ші жұлдызында толықтай аяқталмақ, – дейді Семей магистральдық желі бөлімшесінің Жол бөлімінің бастығы Қайыргелді Ахметжанов.

Қазіргі күні Түрксіб дәуірінде бірде-бір шегесіз, дәнекерлеусіз тұрғызылған теміржол көпірінің қос қапталындағы жақтаулар толықтай жаңарды.

Сонымен қатар, алдағы уақыттарда нысанның су астындағы бөлігі мен темір тіреулері, шпал төсемелері толықтай жаңартылатын болады. Аталмыш нысандағы жөндеу жұмыстары аяқталып, толық күшіне енгізілген соң бөлімшеде жүк тасымалы бойынша елеулі жаңалықтар орын алатыны анық.

Сонымен қатар, бұл биылғы жылы аталып отырған Түрксібтің 90 жылдығына тамаша тарту болмақ .