Байланыс тораптары тексерілуде

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент белгі беру және байланыс дистанциясында жыл басынан бері 3 минутқа созылған бір ғана ақау табылды. Ол №5 сигнал нүктесінде қызыл түс жанып, жалған белгі көрсеткен. Салдарынан №1858 электровоздағы №77 пойыздың машинисі Мариченко пойызды тоқтатуға мәжбүр болған.

Оқиғаның себебін дистанция мамандары тексере келе, құрылғының ескіргенінен деп тапты. Манкент-Ынтымақ өткеліндегі №20 сигнал нүктесінде ТЗБАБ 7х4 үлгідегі кабель мен РШ қорабының арасындағы және ДСН-1 ОН үш көзді муфта дер кезінде хабарлама беріп үлгермеген.

Ал радиобайланыс құрылғыларының жұмысында ешқандай ақау орын алмастан, үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Дистанция цехының мамандары Шымкент-Арысқа қатысты К-60 жүйесі мен 1 реттегіш құралды жөндеді. ГЦУС диспетчеріне шығатын байланысты да қатарынан бес рет тексеруден өткізді. Қорғасын-Игілік және Қалаш-Арыс өткелдеріндегі магистралды кабельдер жөндеуден өткізілді.

Дистанция бойынша ДК-6-300 дегидраторларына ревизия жасалды. Шымкент станциясының маневр аймағындағы ПСГО кабельдері жөндеуден өткізілді. 43 РТС радиостанциясына профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, бүйірдегі қақпаларды тазартып шықты.

Өз кезегінде дистанцияның аға электромеханигі Ж.Бабаевқа байланыс құралдарын ГЦУС диспетчерінің шығуы арқылы қалпына келген-келмегенін тексеріп көру тапсырылды. Бұдан бөлек, Қызылсай-Манкент пен Манкент-Ынтымақ өткелдеріндегі магистралды кабельдерін жөндеуден өткізуді және қосымша әрбір станциядағы оперативті-технологиялық байланыс құралдарының құжаттарын жаңартуды тапсырды.

Шымкент ЛАЗ аға электромеханигі Д.Ибрахимге ШымкентМанкент өткеліндегі К-12, 12 реттегіштерін жөндеу жүктелді. Аға радиобайланыс электрмеханигі Ш.Ғазизуллаевқа күн сайын келісімдерді тіркейтін регистраторлардың жұмысы мен ДНЦ, ДСП, маневр радиобайланысы, ПСГО сөйлескендерін жазып алатын құрылғылардың қалай жұмыс істеп тұрғандығын тексеріп, мониторинг жүргізу тапсырылды.

Сондай-ақ, әрбір станциядағы радиобайланыстардың құжатын жаңартып, әрбір учаскеге РВС-120 жаңа радиостанциясын іске қосу үшін дайындық жұмыстарын бастауды жүктеді.

Айта кетейік, аталған жұмыстардың барлығы да қозғалыс қауіпсіздігі мен байланыс құралдарының сенімді әрі үзіліссіз жұмыс істеп тұру шараларына бағытталған. Байланыс құрылғыларының жай-күйіне тоқталсақ, техникалық бірліктермен жабдықталуы 63,53 құрайды.