ҚТЖ-да қызметкерлерге арналған мобильді қосымша әзірленді

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында «Өндірістік қауіпсіздік» – «Мінез-құлық диалогтары» модулінде қызметкерлерге арналған мобильді қосымша әзірленді. Бүгінде оған «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның 26 мыңға жуық қызметкері тіркелген.

 Бұл қосымша еңбекті қорғау саласындағы кемшіліктер мен бұзушылықтарды тіркеу үшін жасалған болатын.

Ол еңбек қорғау саласындағы ықтимал тәуекелдерді басшылыққа жедел хабарлауға және әрекет етуге, сондайақ, қауіпті жағдайларды жою жөніндегі шаралардың орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта сала еңбеккерлері өз смартфондарына жүктеп алған қосымшаға «ҚТЖ-Жүк тасыма лы» АҚ-ның да 26 мыңға жуық қызметкері тіркеліпті, яғни бұл ұжымның жартысынан көбін құрап отыр.

Осы ретте атап өтерлігі, әрбір қызметкер қосымшаның көмегімен еңбек қорғау талаптарының бұзылғаны туралы, қауіпті әрекеттер мен жағдайлар туралы хабарлап, қауіпті жұмысты тоқтату қажеттілігі туралы мәлімдей алады. Хабарламасын бейне және фотоматериалдармен толықтыруына болады.

– Барлық хабарламалар басшылық тарапынан қараусыз қалмайды және кемшіліктерді жою үшін әрі мұндай жайт келешекте қайталанбас үшін тиісті шаралар қабылданады, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің директоры Асхат Сариев.

Оның айтуынша, қызметкер өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп тұрған жайтты, өзі жұмыс істеп жатқан учаскедегі жұмыстарды тоқтатып және шара қабылдау үшін жасырын хабарлауына да болады.

– Қызметкерлерге «жоғарыдан» келетін нұсқауды күтпестен, жергілікті жерлерде келеңсіз жайттарға тосқауыл болу қажеттігін сезініп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жауапкершілікті өз мойнына алуына таңдау жасау мүмкіндігі беріліп отыр. Келеңсіздіктің алдын алу – демек, біреудің өмірін сақтап қалу, – деп атап өтті Асхат Сариев.

Қазіргі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ компаниялар тобы бойынша 4824 қауіпсіздіктің мінез-құлық диалогы тіркеліпті, соның 1000-нан астамын «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ қызметкерлері жіберген. Сөз реті келгенде, Ұлттық компанияның Бизнесті трансформациялау бағдарламасы аясында өндірістік қауіпсіздікті басқарудың жаңа үлгісіне көшкенін және ол біртіндеп нәтиже беріп жатқанын атап өтер едік.