Қазақстаннан шыққан «Эволюшн» сериялы тепловоздың алғашқы партиясы Кишиневге жетті

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Молдавия мемлекетінің тапсырысы бойынша Локомотив құрастыру зауытында құрастырылып шыққан «Эволюшн» сериялы тепловоздың алғашқы партиясы, яғни 12 тепловоздың 6 бірлігі Кишинев қаласына сәтті жеткені туралы хабарланды.

Молдавандық теміржолшылар елдің теміржол кәсіпорнының төл логотипі таңбаланған автоматтандырылған, заманауи маневрлі магистральдық тепловоздар ел экономикасының дамуына ықпал етеріне сенімді.

Бұл машинаны басқару үшін Михаил Крутоярский есімді машинист арнайы курстан өтіпті. Локомотивті 44 жыл тізгіндеп келе жатқан машинист басқаруға өте жеңіл әрі кабинасы аз габаритті электронды құрылғылармен жабдықталған мұндай тепловозды бірінші рет көріп тұрғанын тамсана жеткізді.

«Өте керемет! Ескі тепловозда құрылғы көп, желдеткішті қосу керек, температураны қадағалау қажет. Ал жаңа тепловозда бәрі автоматты түрде атқарылады», – деп сүйсінді майталман машинист.

Ел тұрғындары «Молдавия темір жолы» мемлекеттік кәсіпорнында су жаңа тепловоздардың сатып алынуын тарихи оқиға деп бағалады. Жаңа тепловоздарды көруге Молдавия мемлекетінің басшысы Игорь Додон өзі барыпты.

Ол машинист кабинасына мініп көріп, заманауи локомотивтің құрылымымен, басқарылуымен жан-жақты танысып, сапасына жоғары баға берген.

Жаңа тепловоздарды сатып алу үшін мемлекет 45 млн еуроны құрайтын қаржыны екі еуропалық банктен және Еуроодақтан алыпты. Молдавия теміржолының жылжымалы құрамы өте ескірген. Кеңестік өндірістен шыққан локомотивтердің қолданыста жүргеніне қырық жылдан асыпты.

Жиі сына беретіндіктен бұл локомотивтерді күтіп ұстау тиімсіз болып отыр. Ал жаңа тепловоздар үнемшіл, оларды үш айда бір жанармай құю орнына жөнелтіп отырса болғаны.

«Молдова темір жолы» МК бас директоры Андриан Ончану заманауи машиналарға қол жеткізген Молдова теміржолы енді дамуға бетбұрыс жасап, нарықта жаңа тапсырыс берушілердің пайда боларына үмітті екенін жасырмады.