Мұхамбет баспаналы болды

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

«Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Ақтөбе филиалының ұжымы сонау бір жылдары өз қамқорлықтарына алған жетім балаға баспана сыйлады. Олар балалар үйінің тәрбиеленушісі Мұхамбет Тержанның есепшотына алты жыл бойы ақша жинаған. Осы жылдар ішінде бала теміржол мекемесінің патронаттық тәрбиесінде болған.

Міне, бүгінде кәмелеттік жасқа толып отырған Тержанға баспана кілті табысталып отыр екен. 13 жасынан теміржол мекемесінің қамқорлығындағы жасөспірім 9 сыныпты бітірген соң Ақтөбе көлік коммунакация және жаңа технологиялар колледжіне түскен.

Болашақ теміржолшы қазір 2 курс студенті. Үздік оқығаны үшін стипендия алады. Оқуын бітірген соң теміржолшылар оны жұмысқа орналастыруды да өз жауапкершіліктеріне алып қойған. Екі жасынан балалар үйінде тәрбиеленген бозбала болашақта теміржолшы болатынын мақтанышпен айтты.

«Балалар үйінде тұрғанда бұл кісілердің келгенін күтіп жүретінмін. Каникулдарда мені алып кетіп киіндіріп, қыдыртып жүрді. Басқа бала лар қызығып қарайтын. Жазда лагерьге жіберіп, ойын-сауық орталықтарына апарады. Кеудемді қуаныш кернейтін. Әр мереке сайын үйлеріне бардым. Мекемеге алып барып жұмыстарымен де таныс болдым. Сондықтан болашақта теміржолшы боламын деп сол кезде-ақ шешіп қойғам. Ағаларым Ақтөбе көлік коммунакация және жаңа технологиялар колледжіне түсірді. Мамандықты өзім таңдадым. Арманым – білікті теміржолшы болу, кәсіппен айналысу», – дейді теміржолшылардың төл баласы Мұхамбет Тержан.

«Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Ақтөбе филиалының күзетшілеріне мың алғыс дейміз. Өздері 50-60 мың теңге көлемінде жалақы алатын күзетшілер жыл сайын жетім баланың есепшотына 500 теңгеден аударып, алты жылда баспана алды.

Әрбір теміржолшы маңдай тер, табан ақысынан жырып, өте сауапты іс жасапты. «2014 жылдан бастап «Алға» балалар үйінің тәрбиеленушісі Мұхамбет Тержанды өз қамқорлығымызға алдық. Филиал қызметкерлерінің айлық жалақысынан жыл сайын есепшотына ақша аударып отырдық.

Әр қызметкер шамасы келгенше, там-тұмдап 500-1000 теңгеден беріп тұрды. Бала 18 жасқа толғанда есепшотқа 3 миллион теңгеге жуық қаржы жиналды. Бауырымыз баспаналы болды, біздің көздеген мақсатымыз жүзеге асты», – дейді «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Ақтөбе филиал директоры Жанес Тасыбаев.

Теміржолшылар басы құралған ақшаға отбасылық жатақханадан 1 бөлмелі пәтер сатып алып, ішіне толық жөндеу жұмыстарын да өздері жүргізген. Қажетті жиһазбен жабдықтап, интернетке қосылған

теледидарға дейін сатып алыныпты.

«Бала кішкентай кезінен көз алдымызда өсіп келеді. Оны қамқорлыққа алған кезіміз әлі есімде. Моп-момақан қошақан сияқты көзі мөлдіреп тұрған. Кілең ер адамдар барған соң біздің көңіліміз де ұл балаға түсті. Арасында балалар орталығынан шығарып, үйдің тәрбиесін де көрсетіп тұрдық. Бауырымыздай болып кеткен Мұхамбет аяқтанып кеткенше қамқорлығымызда болады. Бұйырса, шаңырақ көтеру тойында да қатысып, бар көмегімізді аямаймыз», – дейді мекеменің қызметкерлер құрамымен жұмыс бөлімінің басшысы Архат Таңатар.

Мейірімділік – жүректен. Қайырымдылық жасаудың бір үлгісін көрсетіп, игі істің ұйытқысы бола білген ұжым көпке үлгі.