Қумажолдардағы келеңсіздік

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Ел шығысында қумажолдар мен жол өтпелері бойынша пойыз қозғалысының қауіпсіздігі мәселесі биыл біршама өткір тұр. Соның ішінде жол бойындағы қараусыз жайылған мал мен адам қағу фактілері сала мамандарын ерекше алаңдатуда.

Бұл ретте биылғы жартыжылдықта қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін бірнеше жайт тіркелген. Соның ішінде әсіресе жалпы ұзындығы 142 шақырымды құрайтын Жаңа-Семей-Дегелең теліміндегі жағдай айрықша алаңдатып отыр.

Мәселен, осынау телім бойына жауапты ПЧ-39 мекемесі мамандарының айтуынша, соңғы 6 ай ішінде 13 шұғыл тежелу орын алыпты. Басты мәселе желі үстіне шығып кеткен иесіз ірі қаралар болып отыр.

Соның себебінен екі рет мал басу оқиғасы тіркеліпті. Атап айтсақ, Известковая-Шаған қумажолдарының бойында тепловоз қараусыз жылқыға соғылған. Ірі қараның иесі көп ұзамай анықталып, оның үстінен әкімшілік құқықбұзушылық бабы бойынша арнайы іс қозғалды.

Сонымен қатар қумажолдың бойында мал жайып жүрген адамды қағып кету мен жол өтпесінде тағы бір жол-көлік оқиғасы орын алыпты.

– Қумажолдар бойындағы мұндай келеңсіз жайттардың алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар үзіліссіз жүргізілуде. Ауылдық округтер әкімдеріне арнайы хат жіберілді. Ауыл, Белағаш, Дегелең станцияларында желілік полиция қызметкерлерімен бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Сонымен қатар, жылдың алғашқы тоқсанында желі бойына жақын орналасқан бірқатар елді мекендер тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – дейді ПЧ-39 мекемесінің бас инженері Мырзабек Керейбаев.

Бұл шаралардың сыртында қумажолдар бойындағы шұғыл тежелудің алдын алу мақсатында теміржолшылар жергілікті халыққа желі бойына малды қараусыз жіберудің жауапкершілігі туралы түсіндіретін арнайы парақшалар таратуда. Жолшылар нақты іске де көшуде.

Атап айтсақ, Жаңа-СемейДегелең телімі бойындағы 48 км, Локоть-Семей телімі аралығындағы 7,2 км малдан қорғайтын қоршауларды жаңалап, бүтіндеуде. Биылғы жылы шаруашылық есебінен қумажолдар бойына тағы 10 км осындай қоршаулар салу көзделуде.