Үш пойыз тоқтатылды

Атырау облысында қатаң шектеу шаралары 12 шілдеден бастап қайта күшейтілді. Себебі, бүгінде Атырауда тәулігіне коронавирус инфекциясының ең жоғары көрсеткіші тіркеліп, Атырау қаласы және Жылыой ауданы инфекция ошағы болып отыр.

Тәулігіне 300-ден аса індет жұқтырғандар тіркеліп, республика бойынша өте үлкен көрсеткішті мұнайлы өңір алып тұр. Жедел жәрдемге шақырулар екі есеге өскен.

Эпидемиологиялық ахуалды реттеу үшін, жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, төмендегідей шешім қабылданды. Атырау-Алматы, Атырау-Ақтөбе, Атырау-Маңғыстау бағытындағы жолаушылар пойызы тоқтатылады.

Бұл туралы 10 шілдеде Атырау облысына үкіметтік комиссияны бастап келген Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов онлайн брифингте мәлімдеді.

Инфекцияның өршуіне сәйкес өңірде сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлері мен желілерінің, көлік жуу, көлік және тұрмыстық техниканы жөндеу орындарының, бизнес орталықтарының, адвокат, нотариус, жарнама агенттіктерінің, сот орындаушыларының және т.б. қызметіне тыйым салынады.

Ал азық-түлік дүкендеріне, шағын маркеттерге, супер және гипермаркеттерге күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтап, сағат 21.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді.

Кафе, мейрамхана, қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік емес дүкендер үйге жеткізу қызметі арқылы жұмыс істейді. Отбасылық шараларға тыйым салынады.

Тәртіп бұзушыларға қатаң шаралар қолданылады. Сонымен қатар Мақат және Құлсары станцияларынан жолаушыларға пойызға мінуге және түсуге тыйым салынады.

Жоғарыда аталған пойыздарға бұрын жол жүру билеттерін рәсімдеген жолаушылар жол жүру құжаттарын қайтаруды рәсімдей алады және ақшаларын толық көлемде ала алады.