«ҚТЖ-Жүк тасымалы» өткен айлық қорытындыланды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ филиалдарында биыл 1 маусым мен 1 шілде аралығында жарияланған «Жұмысшылардың білім деңгейін арттыру – қозғалыс ревизорларының негізгі қызметі» атты айлықтың қорытындысы шығарылды.

Маңғыстау ЖТ бөлімшесінде шараның барлық нәтижелері жарияланды. Айлық өткізу туралы бөлімше директорының бұйрығы шыққаннан кейін бөлімшенің, Маңғыстаудағы станциялардың, локомотив және вагон пайдалану деполарының барлық тиісті қызметкерлері осы шараны өткізуге жұмылдырылды.

Алдымен аталған мекемелердегі жұмыс орындарында айлықтың өтетіндігі, оның мақсаты жазылған аншлагтар ілінді.

Екіншіден, пойыз қозғалысымен байланысты жұмыс істейтін барлық теміржолшыларға теориялық және тәжірибелік білім беру, қалыптан тыс жағдайларда жұмысшылардың әрекет ету тәртібін меңгерту, қызметтік хабар алысулар тәртібін реттеу бойынша техникалық сабақтарды желілік станцияларға барып өткізу үшін кесте жасалды.

Бөлімше басшылығы мен РБ-14 аппаратының келісімі бойынша тиісті жұмысшылар филиалдағы қозғалыс ревизорларын кезектен тыс аттестациядан өткізу жөнінде хабардар етілді.

– Айлықтың бастапқы кезеңінде, яғни 1-9 маусым аралығында жиындарда қозғалыс бойынша қызметкерлермен 2020 жылдың өткен айларындағы қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылу жағдайлары мен себептерін зерттеу бойынша нұсқаулық өткізілді. Ол жиындарда барлығы 351 жұмысшы қамтылды, – дейді Маңғыстау ЖТ бөлімшесі директорының орынбасары Ерлан Бүркітов.

Теориялық және практикалық сабақтар өткізу кестесіне сай Болашақ, Өзен, Шетпе, Сайөтес станцияларында жоспарлы жиналыстар ұйымдастырылды.

Қозғалыс ревизорлары өздеріне бекітілген телімдерде барлығы 32 сабақ өткізді. Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бойынша шараларды күшейтуге байла- нысты кейбір станцияларда, атап айтқанда, Бейнеу, Маңғыстау, Опорныйда техникалық сабақтар №195 тапсырмаға сәйкес болмайтын болды.

Станциялар басшылары мен тиісті жұмысшылардың қатысуымен 22 теориялық және практикалық сабақ өткізілді. Сонымен барлығы 351 теміржолшыны қамти отыра 58 сабақ ұйымдастырылған.