Жартыжылдық жоспар межеден асты

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Елімізде жаман індеттің жаппай таралуы, әсіресе маусымда өрши түскеніне қарамастан теміржолшылар теміржол көлігімен жүктің тасымалдануын үздіксіз қамтамасыз етіп, өз қызметтерін абыроймен атқара білді. Сала еңбеккерлерінің жауапкершілігі мен ұйымшылдығы арқасында Қазақстан темір жолы желісі бойынша өткен айда жүк тасымалы көлемінің былтырғыға қарағанда 1,4%-ке өскенін атар едік. Тіпті, компания инфрақұрылымындағы жалпы жүк тиелімі көрсеткішінің де осынша пайызға артып, 20,5 млн тоннаны құрап отырғаны көңіл көншітеді.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ мамандары алға тартқан деректерге сүйенсек, көмір тасымалының да өткен жылдың маусымына қарағанда 2,8% артқаны байқалады. «Қыстың қамын жаз ойлайтын» қағиданы ұстанған теміржолшылар көмір тасымалын жаз бойы қарқынды жүргізіп, бірнеше жылдан бері күзде туындайтын көмір тасымалдауға вагондардың жетіспеушілігі мәселесіне біржолата нүкте қойғаны да айтарлықтай жетістік дер едік. Бүгінгі күнге дейін барлығы 7,1 млн тонна көмір тасымалданса, соның 4,8 млн тоннасы ел ішіне таратылған. Ал астық тиеліміне келсек, барлығы 653 мың тонна астық тиеліпті.  

Қазақстан астығына шетелдіктер сұранысының бәсеңсімегені байқалады, олай деуімізге 446 мың тонна астықтың экспортқа шығарылуы дәлел болмақ.

Мамандар мамыражай маусымда кейбір жүк түрлеріне қатысты тасымалдың артқанын алға тартып отыр. Айталық, химиялық тыңайтқыштар тасымалы 22%-ке, темір кені мен күкірт шикізаты15%-ке өссе, сондай-ақ, 2,2 млн тонна темір кені мен мырыш, 2 млн тонна құрылыс жүгі тасымалданған.

Сөйтіп маусым айындағы пайдаланымдағы жүк айналымы 19,3 млрд. т-км неттоны құрап, өткен жыл деңгейінен 8,5%-ке асып жығылғанын көреміз.

Бұл – алғашқы жартыжылдыққа нүкте қойған маусым айындағы жетістіктер. Ал енді алты айдағы жүк тасымалына қатысты жұмысты Ұлттық компания қалай қорытындылады десек, 2020 жылдың екі тоқсанындағы жұмыс қорытындысының көрсеткіші жаман емес.

Пайдаланымдағы жүк айналымы 111,8 млрд.т-км неттоны құрап, өткен жылдың есепті мерзімінен 3,9%-ке көтеріңкі шыққан. Жалпы биылғы жартыжылдықта ел станцияларынан 121 млн тонна жүк тиелген.

Осы ретте, артылған жүктің көшін, яғни 50 млн тоннаға жуығын көмір бастап, соның 35,7 млн тоннасы қазақстандық тұтынушыларға жөнелтілген. Ал күзде тасымалы қыза түсетін астыққа келсек, алты айда тиелген астық өнімі 4,2 млн тоннаны құрапты. Қазір жаз маусымы, сондықтан құрылыс материалдарына да сұраныс артып тұр.

Осы ретте, жыл басынан бері 8,8 млн тонна құрылыс материалдарымен қатар 12,6 млн тонна темір кені тасымалданғанын атар едік. Бұдан бөлек бірқатар жүк түрлері, мәселен, қара металл тасымалдарының 6,8%-ке, химиялық тыңайтқыштардың 3,5%-ке, темір кені мен күкірт шикізатының 15,6%-ке артқанын атап өткен жөн.

Міне, биылғы жыл басынан басталып дүниені дүрбелеңге салған індет – пандемия жағдайында жауапкершіліктің еселеп артқанын түсініп, жеке бас қауіпсіздігін ұстанып, жұмыс көрігін қыздырып жатқан отандық теміржолшылардың ерлікке пара-пар еңбегінің жемісі осындай.