Сматолла Беркімбаев өмірден озды

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ «Ақтөбе ЖТ бөлімшесі» филиалының ұжымы мен бастауыш кәсіподақ комитеті Сматолла Молдашұлы Беркімбаевтың өмірден озуына байланысты Беркімбаевтар әулетінің қайғысына ортақтасып көңіл айтады.

Ақтөбе өңіріне еңбегі сіңген сыйлы да құрметті ақсақал 5 шілде күні 92 жасында дүниеден озды. 1928 жылы 28 тамызда Ақтөбе облысының Хромтау ауданында дүниеге келген Сматолла Молдашұлы 1948-1949 жылдары Ақтөбе қаласындағы №6 қазақ мектебін бітіріп, Мәскеудің ауыл шаруашылығы институтына түседі.

1954 жылы зоотехник мамандығын алып шыққан жас маман ұзақ жылдар еліміздің Халық шаруашылығы саласын өркендету жолында еңбек етіп, «Ленин», «Октябрь революциясы», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің құрмет грамотасымен, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің бір алтын, бір күміс, екі қола медальдарымен марапатталған. 1971 жылы КОКП жайындағы Жоғарғы партия мектебін бітіріп, партия қызметіне тартылады.

Сматолла Молдашұлы Беркімбаев ағамыз басқарған жылдары Байғанин ауданы Бүкілодақтық Социалистіқ жарыстың жеңімпазы атанып, төрт рет бүкілодақтық, үш рет республиканың Ауыспалы Қызыл Туына ие болды, есімі Алтын Құрмет кітабына жазылды, тоғызыншы бесжылдықтағы жоғары көрсеткіштері үшін Байғанин ауданы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің құрмет тақтасына жазылды.

Ақтөбе облыстық мәслихатының 2013 жылғы 11 желтоқсандағы шешімімен Сматолла Молдашұлына облыстың әлеуметтікэкономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Ақтөбе облысының «Құрметті азаматы» атағы берілді.

Сонымен қатар облыстағы Байғанин, Темір, Хромтау аудандарының да «Құрметті азаматы» атанған кемеңгер жан еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болды.

Ағамыздың ақжарқын бейнесі онымен таныс-біліс, қызметтес болғандардың есінде мәнгі сақталады. Жаны жәннатта, топырағы торқа болсын!