Бос сөз болмау керек

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Тоғыз жолдың торабы саналатын Арыс қаласында барлық теміржол мекемелері орналасқан. Орта Азиядағы ең ірі тораптық станцияның бірі саналатын Арыста 106 (!) жол бар. Осыдан-ақ, оның ауқымдылығын, жұмысының күрделілігін байқай беріңіз...

Арыс-Шымкент, Арыс-Түркістан, Арыс-Ташкент бағытында пойыздар ерсілі-қарсылы жөңкіп жатқан станцияда қауіп-қатер аса маңызды.

Әрбір теміржолшы күнделікті жұмыс алдында мақсатты нұсқамадан өтіп, жұмыс барысында теміржолшыларға қызметтік өтпелерді пайдалану міндеттелген. Теміржолдың бойы аса қауіпті аймаққа жататынын ғасырдан асатын тарихы бар Арыстың халқы түсінсе керек.

Бірақ, өкінішке орай, олай болмай тұр. Тұрғындардың кейбірі байқаусызда пойыз астына түсіп қалса, енді бірі мұндайға саналы түрде барады.

Жол бойындағы бақытсыз оқиғалар көбіне азаматтардың масаң күйде жолды кесіп өтуі кезінде болып жататыны да жасырын емес. Алайда адамдар теміржолдан арнайы рұқсат етілетін жерден ғана өтуі тиіс деген тәртіпке бәрі бірдей бағына бермейді.

Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін теміржолшылар әскерилендірілген күзет, желілік полиция бөлімімен бірлесе отырып, түрлі шаралар ұйымдастырып, рейдтер өткізуді тұрақты жүргізеді.

«Арыс станциясында қайғылы жағдай орын алған емес, болмайақ та қойсын. Адамдар қарапайым ережелер мен қағиданы ұстанса болды ғой. Бағдаршамның қызыл түсі жанғанына қарамастан, вагондардың астынан өте салатын, автосцепка үстінен секіріп жататын адамдар болады. Өз өмірімен ойнайды солай. Бұл өте қауіпті. Электрлендірілген жолдардағы тіректерге көтерілуге, жерде жатқан электр сымына 8 метр жақындамауға, рельс үстіне отырмау, бағыттамалы бұрма мен рельстің арасына тұрмау, теміржолға қауіпті заттарды лақтырып кете салмай, тазалықты сақтаса, ешқандай да қауіпті оқиғалар болмайды, сол енді қиын ба?!», – дейді Арыс станциясының еңбек қорғау инженері Базаркүл Махметова.

Арыс станциясының теміржолшылары қауіпсіздікке үндейтін ескерту плакаттарын көрнекі жерлерге іліп қойған. Екі адамның бірі назар салып, сақтық шарасын жасаса, біздің жұмысымыз нәтижелі болмақ.

Себебі, күнделікті өмірі станциямен, теміржолмен тығыз байланысып кеткен арыстықтар үшін қауіпсіздік жалаң сөз болмауы керек дейді олар.

Сонымен қатар, азаматтардың белгіленген жерден өтпегені үшін ЖПБ қызметкерлері ҚР Кодексінің 559-бабына сәйкес құқық бұзушыны жауапқа тартатынын да ескертеді.