Қауіпсіздік сенің қолында, вагон қараушы

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Биылғы жыл Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі бойынша «Қозғалыс қауіпсіздігі ақаулықтарының алдын алу жылы» деп жарияланған. Қозғалыс қауіпсіздігі ақаулықтарының алдын алу дегеніміз не? Ол – пойыздардың теміржолмен кедергісіз қозғалып, барар жеріне қауіпсіз жетуі. Ал бұл жерде ең алдымен вагон қараушылардың еңбегі орасан болмақ. 

Осы жауапкершілікті жете сезінген маңғыстаулық вагон қараушылар елдегі індет жағдайында да құрал-саймандарын асынып, жұмыс орнынан табылуда. Әрбір өткен пойыз құрамдарын мұқият тексеріп, тіпті қырағылықты бұрынғыдан да арттырған. Аймақта бұған дейін де «Бүйірлік рамаларға бақылау» айлығы аясында бүйір рамаларынан түрлі деңгейдегі талай ақауды анықтап, қауіптің бетін қайтарған. Төрт айға созылған айлық 23 cәуірде аяқталды.

− Сәуір, мамыр, маусым айларында Маңғыстау вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің вагон қараушылары қозғалыс қауіпсіздігіне кедергі келтіретін 5 ақаулықты тапты. Олар жол қозғалысына аса қауіпті, ірі көлемді апатқа соқтыруы мүмкін болатындай ақаулар еді. Вагонның жұп доңғалақтарының, автотіркегіштерден түрлі деңгейдегі кемшіліктер анықталды. Бұл – екінші тоқсан ішінде кездескен жағдай. Ал бірінші тоқсанда «Бүйірлік рамаларға бақылау» айлығы кезінде табылған ақаулықтар тіркелді. Өздеріңізге белгілі, айлық 2019 жылдың 23 желтоқсанынан биылғы 23 сәуір аралығында өтті. Бұл уақыт ішінде Маңғыстау бойынша барлығы 30 ақау анықталып, соның ішінде 14 ақауды Маңғыстау станциясындағы ТҚКП-нің вагон қараушылары тапты. 2 вагон қараушы екі ақаулықтан анықтады. Сонымен өткен жарты жылда біздің вагон қараушыларымыз біраз қауіп-қатердің алдын алды. Ал біз ондай мамандарымызбен мақтанамыз және еңбектерін ескеріп, марапатқа ұсындық, – дейді Маңғыстау станциясындағы вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің бастығы Ерболат Сәулебаев.

ТҚКП бастығының сөзінше ағымдағы жылдың жарты жылы ішінде «Бұрандасыз жалғанатын тежегіш қондырғыларына ерекше назар» онкүндігі де өткізілген.

Онкүндікте де жоспарға сай бірталай жұмыстар атқарылған. Ең бастысы, былтырғы межелі мерзіммен салыстырғанда биылғы жыл вагондарда кездесетін ақаулықтар айтарлықтай азайған. Дегенмен солай екен деп арқасын кеңге салып отырған вагон қараушы жоқ.

Әлемді жаулаған қазіргі пандемияға қарамастан әркім өз міндетін орындап, бос уақытында білімін жетілдіріп, кезекшілікке түсерде, ауысымнан шығарда денсаулығын тексертіп, жұмысын жалғастыруда. Сақтық шаралары үшін қажетті қызу өлшегіш құрал, антисептик, қолғап, бетперделер қарастырылған.