Белкөлде бағдаршамдар тексерілуде

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының теміржолшылары байланыс құрылғыларының ағымдық күтімін кәсіби дәрежеде жасап, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттыруға өзіндік үлес қосуда. 

Дистанцияның Белкөл бекетіндегі қосынның теміржолшылары бағдаршамдарды тексеруді бастады. Құрылғыларға технологиялық күтім жасау жұмысын басқарып жүрген электромеханик Нұрлан Жұманов электромеханиктер Ғани Бекішов пен Нұрлыбек Аманкелдиевтермен бірге бекет жолындағы жарықдиодты 161-бағдаршамның жұмыс жасауын тексеріп, кемкетігін қалыпқа келтіруден бастады.

– Бұған дейін линзалы бағдаршам болып жұмыс жасаған 161-бағдаршамның диодты жарық беру моделіне ауыстырылғанына көп уақыт өткен жоқ. Бүгін бағдаршамның жарық беруін, ішкі-сыртқы тазалығын, бағдаршам астындағы стаканының халін, ішкі тетіктердің бекітілуін тексеруден өткіздік. Әзірге бағдаршамның жұмысында кемшілік жоқ. Сонда да кестеге сай техникалық күтім жасау – міндетіміз. Бағдаршамдар әрбір 3 ай сайын, бағдаршам астындағы стаканы 6 айда бір рет тексеруден өткізіліп, ағымдық күтім жасалады. Бүгін кезекті күтім жұмысын жасадық. Қазіргі таңда бекетте жаңа МП АСДЦ құрылғысының орналастырылуына байланысты әрбір құрылғының жұмысы қатаң бақылауда тұрады. Ақау анықталған бойда құрылғының кемшілігі орнына келтіріледі, – деді технологиялық күтім жасау жұмысын басқарып жүрген Нұрлан Жұманов.

Құрылғыларға кесте бойынша күтім жасау кезінде ақаулы бөлшектер жаңартылып, құрылғы тетіктері қатаң тексеруге алынып, бақылаудан өткізіледі. Технологиялық талапқа сай күтімнен өткізілген байланыс нысандарының маусым айында жұмыстан тыс қалып, қозғалысқа кедергі болған жағдайы тіркелмеген. Бағдаршамдарға күтім жасау жұмысы жалғасуда.