Су көлігінде де өсім бар

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Қазақстанның жалғыз су көлігі жолы Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау жыл сайын жандана түсуде. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында теңіз порттары арқылы 3 млн тонна жүк ауыстырып тиелді.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей. Сондай-ақ контейнерлерді ауыстырып тиеуде оң динамика сақталуда, көрсеткіштер 16%-ға өсіп, 13 867 бірлікті құрады.

Есепті кезеңде отандық сауда флотымен Каспий теңізіндегі порттар арасында 1,14 млн тонна жүк тасымалданды, оның ішінде 6 538 бірлік контейнер Ақтау – Баку фидер желісі бойынша жөнелтілген. Жыл басынан бергі 6 айда ішкі су жолдары бойынша тасымалдау көлемі 191,5 мың тоннаны құрады, оның ішінде 97,9 мың тонна Ресей бағытында болған.

Шлюздерді күрделі жөндеу шеңберінде ауданы 5 813 м2 темір-бетон құрылымдарына жөндеу жүргізілді. Каспий бағытындағы әлеуетті одан әрі арттыру жөнінен жаңа теңіз бағыттарын ашу, Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб құру, экспорттық жүктердің бір бөлігін Құрық портына қайта бағдарлау жұмыстары пысықталуда.

Ішкі су жолдарында кеме қатынасын дамыту мақсатында қазіргі уақытта тиісті тұжырымдаманы әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.