Тасымал табыссыз емес

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Пандемия бүкіл әлемнің экономикасына әсер етті. Біраз елдің әлеуеті төмендеп, өндірісі құлдырады. Кәсіпорындардың жабылуына себепші болды. Бұл үдеріс Қазақстанды да айналып өтпеді. Соған қарамастан теміржолдағы жүк тасымалы тоқтаған жоқ, жұмыс жалғасты. Өткен бес ай ішінде Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Бейнеу станциясында да кейбір көрсеткіштер төмен түскенмен, кейбірінде оң өзгеріс байқалды. 

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Бейнеу станциясында бұрыннан пойыздар қозғалысы қарқынды. Биылғы төтенше жағдай, карантин кезінде жолаушылар тасымалы тоқтап, пойыздар жүрісі бәсеңсігенмен, жүк пойыздары жүріп тұрды.

Станция теміржолшылары станция үстімен өткен-кеткен сол пойыздарға қызмет көрсетіп, тиісінше жұмыстарын өз деңгейінде ұйымдастырып отырды.

Бұл кезеңде Бейнеуден негізінен мұнай өнімдері, құрылыс жүгі, машина, металлом, ұн, жем, әртүрлі жинақталған жүктер жүктеліп, тиісті жеріне жол тартты.

Таратып айтсақ, өткен бес айда станциядан 31 вагон/2091 тонна құрылыс жүгі вагондарға тиелді. Өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда 295 вагон/19738 тоннаға аз.

Дегенмен мұнай өнімдері былтырғы бес айдағы көрсеткіштен артқан. Биыл 7 вагон/138 тоннаға көбейіп, жүктелген мұнай өнімі 15 ваг/624 тоннаны құрады. 2019 жылдың салыстырмалы кезеңінде 8 вагон/486 тонна болған екен.

Әртүрлі жинақталған жүк өткен жылы бұл мерзімде жүктелмеген, осы жылы 49 тонна жөнелтілген. Машина 4 вагон/71 тоннаны құрап, былтырғы есепті мерзімдегіден 1 вагонға кеміген. Металлолом тиелуі де азайған, бес айда 7 вагон/368 тонна. Одан басқа станциядан жалпы барлығы 81 вагон/3993 тонна жүк жіберілген. Ал №1 бекеттен 10 вагон/682 тонна ұн, 3 вагон/150 тонна жем, барлығы 6360 ваг/408589 тонна жүк жөнелтілген.

− Жүк көлемінің азайып кетуі пандемияға да байланысты. Оның ішінде кейбір санаттағы жүктердің кемуі түрлі жағдайлардан болып отыр. Мысалы, ұн жөнелтілімінің қысқаруына себеп – Бейнеу астық терминалына астықтың аз келуі. Ал енді қабылданып тапсырылған пойыздарға келсек, мұнда да көбею де, азаю да бар. Келген вагондардың барлығына қажет қызметтер көрсетіліп, көп кідіртпей өз бағыттарына жөнелтілді, – дейді Бейнеу станциясының бастығы Есет Хайруллин.