Контейнерлеу бағдарламасы қажет

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік одағы мамандары республикамыздағы контейнерлік тасымалдау нарығына зерттеу жүргізе отырып, елде барлық көлік саласы үшін драйвер бола алатын темір жол тасымалын контейнерлеу бағдарламасын әзірлеу қажет деген қорытындыға келді.

Қазақстанның темір жол тасымалдары нарығындағы ағымдағы жағдай, контейнерлеудің 2-3%-дан аспайтын өте төмен деңгейімен сипатталады.

Бұл жерде аталған деңгей, соңғы уақытта контейнерлерде жүк транзиті өсуінің жоғары қарқыны жылына 5060%-ға дейін құрап отырғанына қарамастан осылай сипатталып отыр.

Негізінен жүктердің темір жол көлігінен автомобиль көлігіне ауысуы байқалады, оған автокөлік тасымалында «есіктен есікке дейін» сервистің ұсынылуы, жеткізу мерзімінің қысқа уақытты құрауы себеп болып отыр.

Соңғы жылдары теміржол көлігінің үлесі 49%-дан 41%-ға дейін төмендеген. Темір жол арқылы тасымалданатын жүктердің құрылымын талдау барысында, контейнерлеу деңгейінің әлеуеті шамамен 11% құрайтынын көрсетті.

Осы ретте, «KAZLOGISTICS» ҚКО контейнерлік тасымалдардың үлесін арттыруға бағытталған салалық бағдарламалық құжат әзірлеуді ұсынды.

Және де бұл құжатта кон тейнерлерде жүктерді тасымалдауға арналған тарифтік шарттарды қайта қарау (вагондап жөнелтумен де, автомобиль тасымалымен де, әсіресе шағын қашықтыққа олардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету); тиімді және мақсатты жұмысты қамтамасыз ету үшін бір кәсіпорын шеңберінде темір жол (платформалар, контейнерлер, терминалдар) мен ілеспе активтерді шоғырландыру сияқты шараларды қарастыру ұсынылды.

Сайып келгенде, осының барлығы технологияны жақсарту және өндірістік емес материалдық және уақытша шығындарды қысқарту есебінен логистикалық тізбектің барлық элементтеріндегі шығындарды оңтайландыруға, контейнерлік пойыздардың станциялардың басты жолдарын жүріп өтуі кезінде жылдамдықты шектеуді алып тастауға, маршруттық контейнерлік пойыздардың перспективалы қозғалысы бағдарларындағы учаскелік жылдамдықты шектеуді тудыратын тар жерлерді жоюға және тағы басқа оңтайлы жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік бермек.

Бүгінде экспорттық бағыттағы контейнерлеу әлеуеті 7,6 млн тоннаны құрайды. Бұл астық, қара және түсті металдар, тыңайтқыштар, битум, гудрон және т. б. Қазақстан көлік одағы мамандары, елде контейнерлік тасымалдар деңгейін ұлғайту жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру нәтижесінде темір жолдағы жүк транзиттерінен түсетін кірістердің өсуі, қосылған құны жоғары шикізат емес экспорттың контейнерлік тасымалдар көлемінің ұлғаятынын болжамдап отыр.

Мұның бәрі өз кезегінде, Қазақстанның барлық көлік-логистикалық кешенін дамытуға мультипликативті әсер етуі мүмкін. Ал әлемдік үрдістерге жасалған сараптама, қазіргі уақытта Еуропа мен Американың дамыған нарықтарында контейнерлеу деңгейі 100%-ға жақындап қалғанын көрсетеді.

Әлемдік көлік жүйесінде теңіз көлігі – тасымалданатын жүктердің барлық көлемінің 60-70%-ын құрап отыр. 2000 жылдан бастап жүк бөлінісіндегі тасымалдардың динамикасы контейнерлік жүктердің үш есеге өскенін байқатады.

Осы ретте, 2000 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі кезеңде құрғақ жүктердің жалпы көлеміндегі мұндай жүктердің үлесі де 24%-дан 42%-ға дейін артқан.

Мәселен, 2018 жылы контейнерлік тасымал көлемі 152 млн ДФЭ-ге жеткен, яғни соңғы жылдарда жыл сайынғы өсім 3%-7% деңгейін құраған.

Бұдан басқа, өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдарынан бастап Еуропа-Азия-Еуропа бағытындағы тасымалдардың 1995 жылғы 5 млн ДФЭ-ден 2018 жылы 25 млн-ға дейін бес есе өскенін атап өту қажет.