Дала өрті елеулі түрде қауіп тудырып тұр

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Ел шығысындағы теміржол бойында биыл дала өрті елеулі түрде қауіп тудырып тұр. Сол себепті жазғы маусым басталғалы бері жергілікті теміржолшылар мазасыз күй кешуде. Сала қызметкерлері қырағылықты арттырып, желінің қос қапталын бойлай орналасқан электр бағаналары мен байланыс және жол шаруашылығының құрылғыларын, жекелеген нысандарын өрттен сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда.

Оның үстіне өңірдегі қуаңшылық пен аңызақ жел дала өртінен төнген қауіпті арттыра түсуде.

Жаз маусымы басталғалы бері Шар-Жаңа-Семей, ДегелеңЖаңа-Семей телімдері бойында үш мәрте қауіпті жайт орын алған. Үшеуінде де дала өрті желі бойындағы екпе ағаштарға және қауіпсіздік үшін жыртылған жерге таяу келген. Жергілікті теміржолшылар өртті дер кезінде сөндіріп, қауіптің бетін қайтарыпты.

– Біздің бөлімше бойынша қарамағымызда үш телім бар. Ауыл, Жаңа-Семей және Жарма телімдерінің бойы жазғы мезгілде қауіпке толы. Әсіресе, пішен шабу науқаны басталған қазіргі мезгілде шөпшілердің кесірінен орын алатын дала өртінің бетін қайтаруға күш жұмылдыру керек, – дейді бұл ретте «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Алматы қорғаныш екпе ағаштар дистанциясы» филиалы Семей желілік-пайдалану бөлімшесінің бастығы Ержан Тұрлыбеков.

Желі бойындағы өрт туралы жолшылар жеткізген мәлімет бойынша мамандарға бірінші кезекте жол дистанцияларының диспетчерлері хабарлайды екен.

Нәтижесінде жылдам аралықта тиісті шара қолданылады. Мұндай орындарда бірінші кезекте теміржол қауіпсіздігі үшін арнайы техникалардың күшімен жер жыртылып, жайлаған өрт желі бойына жіберілмейді.

Аталмыш телімдердің басым бөлігіне ағаш шпалдар төселгендіктен қазіргі күні мұндай жұмыстардың маңыздылығы аса жоғары болып тұр. Дегенмен тілсіз жаудан сақтану мақсатында алдын алу шаралары да қатар жүргізілуде.

Желі таяу орналасқан шаруа қожалықтарына түсіндіру жұмыстары жасалады. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар басқармасының өрт сөндіру бөлімімен тығыз әріптестік орнатылған. Биылғы жылы желінің өртке қауіпті тұстарынан, сонымен қатар жол өтпелерінің бойларынан арнайы аншлагтар орнатылыпты. Станциялар бойынша жергілікті баспасөз арқылы да ақпараттандыру жұмысы күшейтілуде.

Мұндай алдын алу шаралары наурыз айынан бастап үзіліссіз жүргізіледі. Қазіргі күні бөлімше қарамағындағы телімдер бойынша соқалы төрт трактор техникасы арнайы құрылғыларымен жұмыс жүргізуде. Яғни, өрттің алдын алып, жер жырту ісіне басымдық беріліп жатыр.

Желі бойындағы жыртылған алқаптың ұзындығы барлық телім бойын алып жатса, ені 5 метрді құрайды.

Сонымен қатар, Семей желілік-пайдалану бөлімшесінің мамандары екпе ағаштардың арасын тазалап, ескірген бұталардан аршып отырады екен.

– Бұл ағаштар қысқы мезгілде қалың қарға тосқауыл болса, жазда өкпек желдің екпінінен сақтайды. Мемлекеттік орман қорына тиесілі болғанымен оның күтіміне біз де жауаптымыз, – дейді мамандар.

Дала өртіне болжам жасап болмайды. Әсіресе, шөпшілер тастаған темекі тұқылының өзі алапат өрттің туындауына жетіп жатыр. Әйтсе де, мамандар қауіптің бетін қайтарып, нәтижесінде теміржол құрылымдарына еш залал келген жоқ.