Шымкентте бес ұрлық оқиғасы тіркелді

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент магистральдық желі бөлімшесі бойынша жыл басынан бері бес ұрлық оқиғасы тіркеліп, 5 860 549,34 теңгенің мүлкі қолды болыпты.

Атап айтқанда, Шымкент жол дистанциясына қарасты ШымкентҚорғасын өткеліндегі теміржолда 172 дана панель ұрланған. 3282 шақырымда 80 дана, 3283 шақырымда 92 дана панель қолды болған.

Өкінішке қарай, мемлекет мүлкін ұрлаған сұғанақ табылмады.

Сонымен қатар Қызылсай станциясының қоймасынан 11 336,98 теңге тұратын 31 дана бұрма бағыттамалы башмактар мен 36 005,57 теңге тұратын 1 дана электрошпалоподбойка ұрланған.

Игілік станциясының қоймасынан 2232,84 теңге тұратын 1 дана ЛОМ қолды болды.

Ал Арыс жол дистанциясы бойынша қоймадан 0,53 тонна жапсырмалы бұрандалар мен 0,5 тонна қосарлы бұрандалар, 0,24 тонна түйіспе бұрандалары қолды болған. Ұрланған заттардың жалпы бағасы – 3617,34 теңгені құрайды.

Аталған ұрлық Арыс станциясы ЖПБ хабарланып, ұрлық жасаған адам ұсталды. Тергеу жүргізілуде. Осындай ұрлық-қарлық, қараусыз мал мен теміржолда адам қағу фактілерінің алдын алу мақсатында теміржолшылар желілік ЖПБ қызметкерлерімен бірлескен 6 кешенді рейд өткізді.

Рейд барысында 303 жүргізуші, 22 адам жұмыс істейтін 2 кәсіпорын қамтылды. Сонымен қатар 1129 адам қатысқан 16 жиын өтті. 1010 мал иесіне теміржолдарда малын жаймау керектігі таныстырылды.