Қозғалысқа кедергі болмауы керек

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Төртінші класты жүк станциясы Жетібайда еңбек ететін станция кезекшілерінің бірі Нұржан Бағдабаевтың еңбек өтілі тоғыз жылдан асты.

Бүгінде кәсіби маман қатарына қосылған станция кезекшісі өз ісіне өте жауапты қарайды. Күніне бұл станциядан шамамен 4-5 жүк пойызы өтеді.

Негізінен Болашақ арқылы шетел асатын пойыздар өтеді, сосын Жетібайдан жан-жаққа кететін мұнай өнімдері мен құрылыс заттары тиеледі. Станцияда Нұржанмен қосқанда 5 кезекші пульт-табло арқылы пойыздар қозғалысын реттеп отыр. Шағын станцияға пойыздар тек Д50 жол жазбасын толтыру үшін 3 минутқа аялдайды.

– Жетібайға негізінен мұнай өндіру ісіне қажет заттар келеді. Ал бұл жақтан кететін жүктердің ішінде ең маңыздысы – ұлутас, бұл көбіне Атырау өңіріне жөнелтіледі. Сонымен қатар Жетібайдан «кармовая крупа» деген бар, сол ұлутастардың ұнтағы, ол Бурабай курортына кетеді. Станция кезекшілері ауысыммен жұмыс істейміз. Бір күн күндіз, ертең түнге шықсам, сосын 2 күн демаламыз. Бірақ бүгінгідей мазасыздау шақта уақытпен санаспай жұмыс істеуге дайынбыз, – дейді станция кезекшісі. Нұржанның бастапқы мамандығы шет тілінен аудармашы екен.

Бірақ оны өмір теміржолға алып келген, онысы үшін еш өкінбейді. Әуелі пойыз құрастырушы болып кіріп, теміржолдың қыр-сырын меңгерді. Сосын тасымалды ұйымдастыру мамандығы бойынша сырттай жоғары білім алып, міне, 2014 жылдан бері станция кезекшісі.

Жұмысы өзіне өте ұнайды. Күн сайын таңертең станция бастығы Дүйсен Бердімбетов нұсқаулық өткізеді. Ауысымды қабылдарда кезекші станцияның іші-сыртын, пломбаларды, журналдарды тексеріп алады.

Міне, бүгін де ауысымға түскен Нұржан Бағдабаев рация, ақ, қызыл жолақты диск, телефон және қандай пойыздар келе жатқанынан мәлімдеме жазылып тұратын компьютерден көз алмай, жол бойындағы бүкіл қозғалысты бақылап, Маңғыстау станциясындағы пойыз диспетчерлері мен көрші бекеттердегі әріптестермен байланыса отырып, өз станциясындағы пойыздар қозғалысын мінсіз реттеп отыр.

Ең бастысы – қозғалысқа кедергі болмауы керек.