ҚТЖ-да мүгедектерге жағдай жасалған

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар объектілердің 96 пайыздан астамы мүгедектер үшін бейімделген. Соның ішінде көлік инфрақұрылымының 34,3 мың объектісінің 96,6 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді. Соның ішінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқына аса көңіл бөлгенін атап өткен жөн.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ елімізде әлеуметтік қорғауға алынған ерекше жандарды айрықша қамқорлыққа алып отыр. Әсіресе, соңғы жылдары «Жолаушылар тасымалы қызметі» АҚ-да мүгедектер үшін барлық жағдай жасалған.

Жылжымалы құрамға мүгедектерге арналған купе, арнайы әжетханаға дейін жасақталды. Және оларға арналған жатын орын есіктің кіреберісіне орналастырылып, жүріп-тұруға ыңғайластырылған.

«2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 34 301 объектінің, оның ішінде мектептер, ауруханалар, кітапханалар, мәдениет үйлері, теміржол вокзалдары мен автовокзалдар, әуежайлар бар, жергілікті атқарушы органдар соның 33 642-сіне паспорттау жүргізді. Мұндағы мақсат – әрбір қазақстандық өзінің денсаулығына қарамастан, осы объектілерге кіре алуы керек», – деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді орта жағдайының сақталуына оң бағасын беріп.

Объектілерді паспорттау кезінде пандустардың болуына, дыбыстық, визуалды, акустикалық сезгіш құрылғыларына және ақпараттық белгілердің орнатылуына баса көңіл бөлінген.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, қазір халықаралық деңгейдегі вокзалдардан шағын станцияларға дейін мүмкіндігі шектеулі жандар вокзалға кіргеннен бастап көмек көрсету қызметі қарастырылған.

Вокзалдарда олар үшін арнайы демалыс бөлмесі де бар.