Теміржолшылар жұмысты тоқтатпайды

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда станциясының теміржолшылары мамыр айында және жыл басынан бергі осы мезгілге дейін пойыздық және маневрлік жұмыстар кезінде қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына жол бермей, бес ай ішінде 797 вагоннан жүк тиеу жоспарын 910 вагонға жеткізіп, тапсырманы 114 пайызға орындаған. Ал вагондарға 47694 тонна жүк тиеу межесін 58968 тоннаға жеткізіп, жоспарды 123 пайызға орындаған. 

Сыр өңіріндегі станциялардың арасында Қызылорда станциясы – жұмысы қауырт, өндірістік бекет. Ауысыммен жұмыс жасайтын станция теміржолшылары бүгінгідей қиынқыстау кезде де жұмысты бір сәтке де тоқтатпай, өздеріне тапсырылған жүктемелерін мінсіз атқаруда.

Станция теміржолшылары мамыр айында жүктелуі тиіс 146 вагонды да жүкпен толтырып, межені 100 пайыз орындады, яғни 9340 тонна жүк тиеу межесін 9348 тоннаға жеткізді. Сонымен қатар, 813 жүк вагонынан 51210 тонна жүк түсірген.

Осылайша, мамыр айында жүктелген өндірістік тапсырмалар ды 97 мен 106 пайыз аралығында орындап, карантин режимінде де өздерінің кәсіби деңгейін көрсетті деуге болады.

Қызылорда станциясының бастығы Қайрат Төрединов соңғы екі-үш ай көлемінде жарияланған карантин кезеңінде де теміржолшылардың сақтық шараларын қатаң ұстанумен қатар пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтай отырып өндірістік жұмыстар атқаруда оқыс жағдайларға жол бермегендігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар компания мен бөлімше басшылығының шешімімен барлық теміржолшылар індеттің таралуынан сақтанып жұмыс жасауда екен.

– Қазір аймақ бойынша пандемия індеті өршіп тұрғандықтан станция теміржолшыларының жеке қорғаныс заттарын пайдаланып, сақтық шараларын барынша сақтап жұмыс жасауын талап етудеміз. Бес айда 797 вагоннан жүк тиеу жоспарын 910 вагонға жеткізіп, тапсырманы 114 пайызға, вагондарға 47694 тонна жүк тиеу жоспарын 58968 тоннаға жеткіздік. Ұжымның инженерлік құрамы мен сегіз сағаттық жұмыс кестесімен жұмыс жасайтындар онлайн режиміндегі қашықтық жүйемен жұмыс жасауда. Өндірістік жұмыс кезінде мүмкіндігінше жүк тасымалдаушылармен қарым-қатынас кезінде сақтық, арақашықтықты сақтау тәртібін ұстануда. Ұжымда еңбек және техникалық қауіпсіздікті сақтау шараларын арттыру үшін тексеру жасалып, бақылау күшейтілуде. Бөлімше басшылығы тарапынан келген телеграммалармен таныстыру жұмыстарын, жұмыс алды пысықтау инструктаждарын өткізуге аса мән беріп, жіті қадағалап отырамыз, – деді атқарылған жұмыстар жайлы әңгімелеген станция бастығы Қайрат Төрединов.

Станция ұжымы пандемия жағдайында ең бастысы қатаң тәртіп пен белгіленген ережені сақтауды өнімді еңбекке қол жеткізудің басты қағидасы санайды.