Контейнерлік пойыз тасымалы қарқын алды

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Жуырда Премьер-Министр Асқар Мамин Көлік Кеңесінің отырысында контейнерлік тасымалдау, соның ішінде контейнерлік қызмет көрсетуді арттыру, контейнерлік пойыздардың жылдамдығын көтеру мәселесіне ерекше көңіл бөліп, еліміздің транзиттік көліктік әлеуетін одан әрі дамыту бойынша жұмысты жандандыру және әлемдік контейнерлік көлік нарығында оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігін атап көрсетті. 

Осы бағытта Маңғыстау темір жолында контейнерлік тасымал дамып келе жатқаны жағымды үрдіске айналып отыр. Жуырда тағы бір жаналық болды.

Бұған дейін түбек теміржолымен келген контейнерлік пойыз Ақтау порты станциясында қабылданып, қажетті қызметтер көрсетілетін.

Одан әрі қарай жүктер су жолымен кететін. Енді осы жылдың басынан бастап кері бағытта немесе теңіз арқылы шет елдерден жеткен жүктер Ақтау халықаралық теңіз портында түсіріліп, вагондарға тиеледі.

Тиісті құжаттары рәсімделіп, Ақтау порты станциясында контейнерлік пойыз құрастырылып, қажет нүктесіне жеткізіледі. Мұндағы артықшылық – контейнерлік пойыздың Ақтау порты станциясында рәсімделген құжаттарымен еш жерге тоқтамай, діттеген жеріне кідіріссіз, әрі жылдам жетуінде.

Жақында, яғни 23 маусым күні маңғыстаулықтар 39 вагон әртүрлі жүк тиелген контейнерлік пойызды Алтынкөл бағытына жөнелтті.

− Алтынкөл станциясынан тиелген контейнерлер Иран, Түркия, Әзербайжан сияқты елдерге шығаруға тиісті құжаттарымен бізге келеді. Контейнерлік пойыз Ақтау порты станциясында құрастырылып, Ақтау халықаралық теңіз портына тапсырылады. Контейнер түскеннен кейін вагондар сол жерде коммерциялық және техникалық тексерістен өткізіліп, контейнерлер жаңадан тиеуге дайындалады. Сол вагондарға Каспий теңізі арқылы «Түркістан» кемесімен келген импорттық жүктер қайтадан жүктеледі. Бірақ ол контейнерлік пойыз болып шықпайды, өйткені әр станцияға барғасын ағытылып, жүк пойыздарына тіркеліп кетеді. Ал Ираннан келетін контейнерлер Ақтау халықаралық теңіз портына дейін теңіз жолының құжаттарымен болады. Оны кемеден түсіргеннен кейін вагонға тиеп, Ақтау порты станциясында вагонның тасымал құжаттарын рәсімдеп, дайындап, контейнерлік пойыз етіп Алтынкөлге жөнелтеміз. Контейнерлік пойыз болып құрастырылғандықтан бұл пойыздағы жүктер керек жеріне тоқтаусыз тіке жеткізіледі. Әр станцияда вагондар ағытылып, қайтадан құрастырылып, өзге вагондармен жинақталып жатпайды. Жүк жеткізілімі жағынан уақыттан ұтады. Ал ол өз кезегінде теміржол көлігіне сұранысты арттырады, – дейді бұл жөнінде Маңғыстау станциясы бастығының логистика жөніндегі орынбасары Ақсұлу Бейсенова.

Каспий теңізімен келген жүктерді Маңғыстау теміржолы арқылы контейнерлік пойыздарға тиеп, жөнелту жұмысы өткен жылдан басталса да тәп-тәуір көрсеткішке ие. 2019 жылдың өзінде алты, ал биылғы жарты жылда 4 контейнерлік пойыз жөнелтілген.